Қолбасшылықтан берілген тапсырманы орындау кезінде теріс ниетті бүлікшілердің шабуылынан қаймықпай ерлікпен қаза тапқан ұландық 2 сарбаздың рухына әскерилер Жалпыұлттық аза тұту күнінде тағзым етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда өткен рәсімде әскери қызметкерлер отан алдындағы борышын мүлтікзісіз атқарған жауынгерлерге алғыс білдіріп, олардың бүгінгі ерлігі ертеңгі үлгі-өнеге болатынын айтты. Іс-шара басы бір минуттық үнсіздікпен басталып, сарбаздардың рухын көтеру мақсатында еліміздің әнұраны шырқалды.
«Біз қатарынан 2 сарбаздан айырылдық. Егер де қылмыскерлер бұл біздің қауіпсіздігімізді немесе күшімізді таратып ыдыратады деп ойласа, қателеседі. Керісінше, бұл бізді екі есе күшейтіп, біріктірді. Біз қойылған тапсырманың бәрін орындауға дайынбыз. Орындаймыз», – деді 5571 Әскери бөлімінің штаб бастығы Нұрлан Әздеров.
Мадияр Қайсаров. Айбат Аманов. Бұлар – бүлікшілермен қақтығыс кезінде қыршын кеткен қос ұландық сарбаздың есімдері. Ел Президентінің жарлығына сәйкес марқұмдар 3-ші дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, ардагерлері мен барша жеке құрамы қаза тапқан жауынгерлердің ата-анасы мен туған-туысқандарына қайғыра көңіл айтады.
«Өкінішке қарай, болған оқиға салдарынан қатардағы, қасымызда жүрген жауынгерлер Қайсаров Мадияр мен Аманов Айбат өмірмен ерте қоштасты. Сондықтан бұл жауынгерлердің есімі жадымыздан еш өшпейді. Жүрегімізде мәңгі қалады деген сенімдемін», – деді қатардағы жауынгер Айбат Алпысбаев.