Бақытжан Сағынтаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске қосылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv қала әкімінің инстаграм парақшасына сілтеме жасап. Қала әкімі 214 инфрақұрылымдық жобалардағы жұмысқа шамамен 26 мың қала тұрғынын орналастыру жоспарланғанын жазады.
«Коронавируске байланысты карантин кезінде қала тұрғындарының арасында жұмыспен қамту мәселесі шиеленісе түсті. Көптеген адамдар ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болса, енді біреулер жұмысынан айырылды. Демек, өмір сүретін қаражатынсыз қалды. Мемлекет тарапынан оларға көмек ретінде жәрдемақы төленеді. Бұған қоса біз «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске қоспақпыз.
Қала тұрғындары жұмыспен қамтылады. Олар мектеп пен балабақшалардың құрылысына, аурухананы кеңейту жұмыстарына тартылады. Бұдан өзге сумен жабдықтау желілерін жүргізіп, жолдар мен аулаларды ретке келтіру, скверлер мен саябақтарды абаттандыруға қосымша күш қажет.
Осылайша 214 инфрақұрылымдық жобалардағы жұмысқа шамамен 26 мың қала тұрғынын орналастыруды жоспарлап отырмыз. Жалақының орташа мөлшері 120 мың тг құрайды», – деп жазады әкім.