Нұр-Сұлтанда 700 үлескердің 7 млрд теңгеден астам ақшалай салымдарын жымқырған құрылыс компаниясының басшылары сотталды, деп хабарлайды елорда прокуратурасының баспасөз қызметі.
«Қалалық прокуратура «Төленді» ТҚК құрылыс салушыларына қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады. А.С. Байжұманов, Н.Н. Анарқұлов және басқа да 7 адам 2012-2016 жылдары 700 үлескердің 7 млрд теңгеден астам ақшалай салымдарын «Аниса 1, 2, 3», «Көктал-2», «Абат» және «Абайдың 150 жылдығы» ТК құрылысы кезінде ұрлағаны үшін айыпталды», - делінген хабарламада.
Пайшылардың ақшалай қаражаты сотталғандарға жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Айдын Байжұманов ТҚК төрағасы бола отырып, өз туысқандары мен таныстарының пәтерлерін және тұрақ орындарын ақысыз заңсыз ресімдеген, ол туралы сотта жәбірленушілердің өздері де мәлімдеген. Сот талқылауы бір жыл бойы жалғасты. Сотта 500-ден астам жәбірленушіден жауап алынды.
Прокурордың мемлекеттік айыптауын тиісінше қолдау нәтижесінде сотталушылардың кінәсі дәлелденді, сот 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады.
«Қылмыстық жолмен алынған барлық мүлікке жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу мақсатында тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енді», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 2016 жылы «Төленді» құрылыс компаниясының бір пәтерді бірнеше адамға сатып келгені анықталған болатын.