Алматыда жыл басынан бері 600-ден астам азамат «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, қаражатты ұтымды басқаруды үйренген. Ал жыл соңына дейін мегаполисте 12 мың адамға білім беру жоспарланып отыр. Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған бағдарлама өткен жылы пилоттық жоба ретінде бастау алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
5 ақпаннан басталған «Қарызсыз қоғам» жобасы қазір Алматының барлық ауданында өткізіліп жатыр. Курсқа қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін, кәмелет жасына толған кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін қала әкімдігіне өтініш беру жеткілікті.
– Қарапайым ақпаратты білмейтінімізді түсіндім. «Несие бар ма?» дегенде 95 пайыз адам қол көтердік. Бәрі де жоғары білімді адамдар. Бірақ бәрімізде қарыз бар екен. Тегін келіп осы ақпаратты алдық. Пайдасын сезіп отырмын, – деді қала тұрғыны Бақыт Құсманова.
Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, елімізде 2 миллионға жуық азамат несиесін уақытылы жаба алмай жүр. Ал олардың жалпы қарызы 2 триллион теңгеге жеткен. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тек қаржылық сауаттылықты арттырып қана қоймай, туындаған мәселені шешу үшін заңгер көмегін де тегін алуға болады. Сондай-ақ өз кәсібін ашқысы келіп жүргендерге де бағыт-бағдар беріледі.
– Көбінесе адамдар 90 күн несиесін төлемей, үстемеге ілінді. «Коллекторлар маза бермей жатыр» деген шағым айтып келіп жатыр. Бірінші топ 331 адам курстан өтті. Екінші лекті 289 адам оқып жатыр, – деді жоба менторы Асима Сұлтанова.
– Қалай коллекторлармен, банктермен жұмыс істеуге болатынын айтып, кеңес береді. Егер тыңдаушының жеке мәселесі болса, жазылады. Оны бөлек қарастырамыз, – деді қаржы сарапшысы Елжас Асылбекұлы.
5 күндік оқу аяқталған соң қатысушыларға арнайы сертификат табысталады. Олар оның көмегімен жыл бойы жоба аясындағы қаржы маманынан және заңгерден кеңес ала алады.
Еске салайын, жалпыұлттық бағдарлама еліміздің барлық өңірінде іске қосылған.
Жансая Олжабек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматының барлық мектебінде кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілді