Түрксіб ауданындағы фронт-офиске күн сайын 20-дан астам шағым түседі – полиция

Түрксіб ауданындағы фронт-офиске күн сайын 20-дан астам шағым түседі – полиция
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түрксіб ауданында ашылған фронт-офиске күніне 20-дан аса тұрғын шағымданады. Азаматтардан түсетін арыздардың дені ұрлық-қарлық фактілері дейді мамандар. Мегаполисте бір апта бұрын ғана жұмысын бастаған кеңсе азаматтар үшін қаншалықты қолайлы?

Алматыдағы бірінші фронт-офис Түрксіб ауданындағы полиция басқармасы алдында орналасқан. Мұнда келсеңіз, алдымен бұрынғы қоршаулардың орнына әйнектен салынған ғимаратты көресіз. Шағын ғана кеңседе сұрақтарыңызға жауап беретін бірнеше маман отырады.

Фронт офисте арыз қабылдайтын тіркеу орны демалыссыз жұмыс істейді. Және бұл жерде кеңес алуға да болады.

«Бұл жерде жедел уәкіл мен тергеуші отырады. Мен әкімшілік істер бойынша арыз алып, кеңес беремін. Қылмыстық іс бойынша тергеуші кеңес беріп және арыз қабылдайды», – деді Алматы қаласы Түрксіб аудандық учаскелік полиция инспекторы Нұртуған НҰРИЕВ.

Қолыңызға бланк берілген соң аты-жөніңіз, мекенжай мен телефон нөміріңізден бастап, шағымыңызды түсіндіріп жазасыз. Арызыңыз қағазға түскен соң оны кезекші бөлімге тіркеп, материалды жинайды. Әрі қарай сіздің мәселемен учаскелік инспектор айналысады. Яғни, бұрынғыдай көшеде ұзақ тұрмайсыз, бірнеше тексеру пункттері мен кабинеттерден өтіп, сабылып жүрмейсіз. Өтініштер мен басқа да құжаттарды қабылдауға небәрі 15-20 минут кетеді. Тағы бір айта кетерлігі, Полиция басқармасының барлық қызметкерлерінің тізімі мен ұялы телефоны фронт-офистегі ақпарат тақтасында көрсетілген. Мұндай кеңселер тұрғындармен қоса, полиция басқармаларының да жұмысын жеңілдетеді дейді мамандар.

«Бір аптаның ішінде шамамен, 70-тен аса адамды қабылдадық. Негізінен, арыз-шағымдар әр түрлі қылмыстар бойынша, көбінесе ұрлық қылмыстары бойынша түседі. Келген азаматтардың барлығының арыз-шағымын қабылдаймыз. Егер ол азаматтардың арыздарында қылмыс құрамы болса ол жерге тергеушіні жібереміз, әкімшілік құқықбұзушылық орын алған жағдайда, жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерін жібереміз», – деді Алматы қаласы Түрксіб аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінің бастығы Ербол НАРБОТАЕВ.

Мамандардың сөзінен байқағанымыз, тұрғындар көбіне әкімшілік істер бойынша шағымданады екен. Мұндай кеңселер енді Алматыдағы барлық аудандық полиция бөлімшелерінің жанынан ашылмақ.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров