Қайырымды іс #BIZBIRGEMIZ жалпы республикалық акциясы шеңберінде өтті
Тәркіленген 255 млн теңгенің тауары Алматыдағы балалар үйі мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылды. Қайырымды іс Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті және қалалық прокуратурамен бірлесе #BIZBIRGEMIZ жалпы республикалық акциясы шеңберінде өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Осындай карантин кезінде, төтенше жағдай кезінде экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері 7 контейнер яғни 255 миллионнан аса халық қолданатын тауарларды әкімдік арқылы арату жұмыстарын жүргізуде», – деді қалалық Экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Жақсылық МЫРЗАХАН
Балалар киімдері, аяқ киімдер, спорттық костюмдар, футболкалар экономикалық контрабанда бойынша қозғалған қылмыстық істері аясында тәркіленіп, соттың үкімімен мемлекеттің меншігіне өткен тауарлар. Барлық киім-кешектер балалар үйлеріне және қиын жағдайда қалып көмек қажет ететін жанұяларға үлестірілді. Мәселен, бір ғана Жетісу ауданында 1568 мұқтаж отбасыда 3500-ден астам бала бар.
«Мұқтаж отбасылар өте көп. Олар көпбалалы отбасылар, аналар мен жағдайы төмен отбасылар бар және жетім балалар бар ауданымызда. Сол балаларға жеткізілуін қадағалаймыз. Ең бірінші ауданымыздағы 21 мектептің басшылары қабылдап алады. Сосын өзінің мектебіндегі жағдайы төмен отбасылар, жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға таратады», – деді Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат ҚҰСАЙЫНОВА.