Бүгін Түркістан облысы Арыс қаласында болған жойқын жарылысқа байланысты осы өңірден өтетін кейбір пойыздар кестесінен кешігеді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, қазір «Шымкент-Арыс-Темір» жол учаскесінде пойыздардың кестеден кешігіп жатыр.
«Мамандар аталған жол торабына қатынайтын барша жолаушылар пойыздарының қауіпсіздігі үшін алдын ала шараларын өткізуде. Барлық ақпаратты 105 бірыңғай қоңырау орталығы арқылы білуге болады», – делінген аталған хабарламада.
Еске салайық, бүгін таңертеңгі сағат 9:20 шамасында Арыс қаласында орналасқан әскери базада снарядтар жарылды. ҚР Қорғаныс министрлігі қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ деп мәлімдегенімен, соңғы деректерге сәйкес, 34 адамның ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр.