Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады. «Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша» деген ол дін мен дәстүрдің сабақтастығын берік ұстанған елдің кез келген қиындықты еңсеретінін айтты. Құттықтау хатында Президент барша жұртқа денсаулық пен амандық, толайым табыс тілеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылына бір келетін мұсылман үшін парыз Ораза да басталды. Биылғы пітір-садақа мөлшері жан басына 640 теңге болып бекітілді. Оның орнына миіз, құрма да ұсынуға болады. Алматының бас имамының айтуынша, садақа тірі жанның амалы болған соң, дүниеде бар адамның атынан ғана берілуі тиіс.
– Байлығы жеткен, дәулетті кісілер садақа беруге міндеттеледі. Ал жағдайы жоқ кісілер одан босатылады. Сондықтан ара-жігін ажыратып алуымыз керек. Бұл жан амандығы үшін, Рамазан оразасының қате-кемшілігін толықтыру мақсатында беріледі, – деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан
Рамазан айы келгенде ел арасында орынсыз тыйымдар шығарып, өз ережесін айтатындар да табылады. Сондықтан дін қызметкерлері «ресми дереккөздерге ғана сүйенуге немесе мешіттегі білімі бар имамға жүгінген жөн» дейді.
– Көпшіліктің арасында ораза кезінде ақ некені қиюға болмайды деген түсінік қалыптасқан. Бұл – қате пікір. Ораза кезінде адамның ішіп-жеуден ғана тыйылғаны болмаса, неке қию мәселесінде ешқандай да бір кедергі қойылмаған. Шариғат жолымен неке қиюға болады, – деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Мейіржан Құлсымақов.
Қасиетті айда түкірікке қатысты сұрақ жиі қойылады. Ораза ұстаған жан өз ішінен бөлінген сөлді жұта алады. Тек шөл қандыру мақсатында істемеу қажет.
Ескере кеткен жөн, Қазақстан биыл бір уақыт белдеуіне ауысқанымен, әр қала мен өңірдің өз ораза кестесі бар. Алматы жұрты таңғы сағат 4:51-де ауыз бекітсе, Атырауда сәресі сағат таңғы 6:27-де аяқталады.
Оразай Нұртайұлы, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ораза-2024: Сәресі мен ауызашарда оқылатын дұғалар