Елімізде қара суға жарымай отырған елдімекен бар. 1200-ге жуық ауыл ауыз судың азабын тартып келеді. Тіршілік нәрінен тарыққан халықтан өткен жылы 43 мыңнан астам шағым түскен. Ауылдағы ағайынның базынасын Үкімет отырысында Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Премьер-министр республикадағы ахуалға тоқталып, жауапты министрлікті шапшаң қимылдауға шақырды. Олжас Бектеновтің айтуынша, аймақтан тозығы жеткен желілердің жиі істен шығуына қатысты шағым келеді. Енді тозу деңгейі 70 пайыздан асқан желілер жаңартылады. Биыл 385 ауылды сумен қамтамасыз ету жоспарланған.
– Ауыл тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында елдімекендерде су құбырларын салу және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, 40,6 млрд теңге соммасына 29 жоба, 9 облыста іске асырылуда, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.
Оқи отырыңыз: Қарағандыда 6 айлық бала көкжөтелден шетінеп кетті