|
08.11.2019 | 15:01
4433

Алматыда Марат Оспановты еске алу кеші өтті

Марат Тұрдыбекұлы ҚР Парламент Мәжілісінің тұңғыш Төрағасы болды

Алматыда Марат Оспановты еске алу кеші өтті фото: пресс-служба акима Алматы

Алматыда Қазақстан Парламенті Мәжілісінің бірінші спикері, мемлекет қайраткері Марат Оспановты еске алу кеші өтті. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен кешке қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, қайраткердің әріптестері мен туыстары естеліктер айтты. Мегаполис басшысы сөз сөйлеу барысында белгілі саясаткердің отбасына Алматы қаласындағы табиғаты көркем Жетісу жері бейнеленген суретті тарту етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Кішкентай жүрегі елінің үлкен болашағы үшін жарылып кеткен ағаларымыздың бірі – Марат ағамыз. Қиын кездер болды. Бірақ сол қиын кезде ұлы азаматтар керек болды. Ұлы азаматтар Елбасымыздың қасында қиналды. Сол жолда қиыншылықтың барлығынан өтіп, артарапқа барып, елдігімізді көрсетті, қазақтығымызды көрсетті. Әлем картасынан өз орнымызды тапқанымыз да осы азаматтардың арқасы», – деді  Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Марат Оспанов елдегі ең көрнекті саясаткерлердің бірі болған. Сыйлы қайраткер елімізде отандық парламентаризмнің негізін қалаушы тұлға болып саналады. Мәжіліс депутатының 70 жасқа толуына орай туыстары мен әріптестері деректі фильм де түсіріпті. Жарты сағаттық қысқаметражды фильмде экономист-ғалымның өміріндегі ең маңызды сәттері қамтылған. Түсірілімге белгілі мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, халық әртістері және Марат Оспановтың туыстары да қатысқан.

«Марат Тұрдыбекұлы қашанда өз ұлтын, халқын, республикасын сүйді. Міне, Тәуелсіздік кезінде осындай мүмкіндіктер пайда болғанда, ол кісі әуелі халық қалаулысы болды, кейін сол Тәуелсіздіктің аяғына тұрып кетуіне, оның экономикасының, әлеуметінің рухани жағының дамуына көп еңбек сіңірді. Біз ақтөбеліктер Марат Тұрдыбекұлымен мақтанамыз», – деді профессор Алтай ТАЙЖАНОВ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир