Қолайсыз ауа райы: СҚО-да жол-көлік апаты жиіледі

20.02.2024 20:02

Өңірдегі оқушылар мен студенттердің қашықтан оқуға көшті

Almaty.tv

СҚО-да қолайсыз ауа райы тұрғындарды әбден әбігерге салды. Өңірдегі ахуал салдарынан оқыс оқиғалар жиілеген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында жүкті әйел тізгіндеген көлік арыққа құлаған. Зардап шегуші аймақтағы коммуналдық қызметтің жұмысына салғырт қарайтынын айтты. Облыс тұрғыны қазір дәрігерлердің бақылауында.

– Апат ойқы-шойқы жолда болды. Жол-көлік оқиғасынан кейін полиция қызметкерлері өлшеп көрді, шұңқырдың көлемі шамамен 9-12 сантиметр болады. Дөңгелегім сол шұрқ тесіктің біріне түсіп, салдарынан көлік қарсы жолаққа шығып кетті. Сосын мені жолдың жиегіне, арыққа құлатып жіберді, – деді облыс тұрғыны Әсел Валяева.

Зардап шеккен азамат аталған факт бойынша арыз жазып, адвокат жалдап үлгерген. Оның айтуынша, бұл – жолдың дұрыс тазаланбауынан болған алғашқы оқиға емес. Ал бұған жауапты компания осыдан 2 ай бұрын ғана жұмысқа кіріскен. Медігер заң кінәлі деп таныса, жауапкершіліктен қашпайтынын атап өтті.

Айта кетейік, қолайсыз күн райы облыстағы коммуналдық қызметке ғана емес, оқу жүйесіне де әсер етті. Өңірдегі оқушылар мен студенттердің көбі екі күннен бері қашықтан оқуға көшкен.

– Бескөл ауылын тазалау жұмысына кіріскенімізде-ақ осы сынды олқылықтарды байқадық. Жолдың бәрі ойқы-шойқы боп жатты, қар да үйіліп тұрды. Әр жұмыстың өз қиыншылығы бар, жауапкершіліктен қашпаймыз, – деді  мердігер ұйымның директоры Руслан Алимкин.

– Өңірдегі 308 мектеп онлайн оқуға көшкен. Демек 40 мың бала қашықтан оқып жатыр. Сондай-ақ 8 колледждің 900 студенті онлайн білім алады, – деді облыстық Білім басқармасының бас маманы Айгүл Оспанова.

Оқи отырңыз: Төтенше жағдайлар министрі су басу қаупі бар аймақтарды атады