Соттың шешімі бойынша Алматыда ірі мейрамхана сүріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала құрылысын бақылау басқармасының жоспардан тыс тексеруі барысында Наурызбай ауданындағы Ақжар шағынауданында орналасқан мейрамхананың рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқаны анықталған болатын.
Меншік иесіне қатысты ҚР Кодексінің 316-бабының 1-бөлігі, 321, 463 бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік шаралар қабылданды және анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс берілді. Мерзім өткеннен кейін меншік иесі ұсыным талаптарын орындамады және басқарма Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына заңсыз салынып жатқан нысанды бұзу туралы талап арыз берді.
«Тексеріс нәтижесінде құрылыс жұмыстарының заңсыз жүргізілгені анықталды. Соған байланысты басқарма мен әкімшілік шара қолданылып, нұсқау берілген болатын. Алайда меншік иесінен ешқандай әрекет болмағандықтан, басқармамен сотқа талап арыз жолданды. Яғни аталаған мейрамхана құрылысы тоқтатылып, сүріледі», – деді Әуезов және Наурызбай аудандары бойынша қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Медет Рабаев.
2022 жылдың тамыз айында басқарма өкілдерінің талап-арызы қабылданып, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот нысан сүрілсін деген шешім шығарған. Меншік иесі аппеляциялық шағым берсе де, шешім өзгермеген.
«Сот шешімін орындау барысында борышкерге бірталай, бір емес, бірнеше рет нысанды өз еркімен бұзып алуға жаңағы ескерту хаттары берілді . Борышкер тарапынан сот шешімін орындауға іс-әрекет жасалмады. Сол сүрілу жұмысы бүгінге тағайындалып отыр», – деді Әділет департаментінің сот орындаушысы Арнұр Бақберген.
Қала құрылысын бақылау басқармасы мамандарының айтуынша, Алматы қаласының аумағында 20-дан астам нысан заңсыз салынған. Олардың барлығы сот шешімімен биыл жыл соңына дейін сүрілмек.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы