Зілзала кезінде не істеу керек екенін үйрететін оқу-жаттығу шарасы өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда төтенше жағдайдың кез келген түріне дайындайтын орталық бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдің есін алған жер сілкінісінен кейін оқу-жаттығу жиындары күшейді. Республикадан келген әр өңірдің өкілдері, аудан әкімдері және олардың орынбасарлары Алматыда жиналып, зілзала кезінде қалай және не істеу керек екенін пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда төтенше жағдайдың кез келген түріне дайындайтын орталық бар. Мұнда мемлекеттік қызметкерлерден бастап түрлі саланың өкілдері еліміздің өзге аймақтарынан келіп арнайы курстан өте алады. Бүгін олар арнайы жазылған сценарий бойынша жұмыс істеді. 8 балдық дүмпу болған қалада тұрғындарды апаттан сақтап, жедел әрекетке көшті. Жарақат алған адамдарға медициналық көмек беріп, психологиялық жәрдем көрсетілді.

– Аудан тұрғындарына осындай жағдайларда ең бірінші аудан әкімдігі жауап береді. Себебі осындай жағдайда аудан әкімінің іс-жоспары нақты болу керек. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданынан келіп тұрмын. Бұл жөнінде жоспар бар. Осындай жағдайда халықты қайда апарып топтастырамыз дегенде, аман сақтап қалатын жер бар. Оны халық білуі керек, – деді Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов.

Алматыдағы жер сілкінісі кезінде жұртшылықтың көбі сақтық шараларынан бейхабар екендігі байқалды. Абдырап қалған кей адам көпқабатты тұрғын үйден төменге жеделсатымен түскен. Орталық басшысы қала тұрғындары арасында қауіпсіздік мәдениеті қалыптаспағанын айтты.

– Жапон мемлекетін алатын болсақ, зілзала болған кезде неге оларда шығын аз. Өйткені олар іс-қимыл тәртібін бұлжытпай орындайды. Әр отбасы өзінің жаттығуын өткізеді. Қай жерде кездесіп, кімге хабарласу керек екенін айтып, балаларын сол жерге апарып көрсетеді, – деді «Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту ұлттық орталығы» АҚ вице президенті Бейбіт Еңсебаев.

Мұндай қарапайым қағидаларды білу тұрғындар үшін аса маңызды. Еліміздегі ең ірі қала мегаполис сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын ескерсек, бұл – апаттың алдын алуда қажетті ақпарат.  

Мобильдік платформасындағы жер сілкінісі симуляторы – зілзала жағдайында оқу-жаттығу жұмыстары кезінде қолданылатын құрылғы. Мұндай құрылғы еліміз бойынша Алматыдағы «Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту ұлттық орталығында» бар.

Жер сілкінісі кезінде бірден байбаламға салынбай, бөлмедегі қауіпсіз орындар үстелдің астына тығылуға болады. Бұрыш-бұрышқа барып жан сақтауға болады.

Мамандар кез келген төтенше жағдайға қажетті заттардың тізімін атады. Яғни, сөмкеңізде дәрі-дәрмек, жылы киім, құжат және бірнеше күнге жететін су, консерві болуы тиіс. Ең бастысы ысқырықты ұмытпаңыз. Ол көмек шақыруға таптырмайтын құрал. Сондай-ақ мамандар жер сілкінісі кезінде жанар-жағармай бекетіне бару да қауіпті.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда 3 рет жер сілкінді

Новости партнеров