Асқар Мырзахметов Тараздағы жарылыстан қаза болған марқұмдардың жаназасына қатысты (ФОТО)

28.02.2019 20:03

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тараздағы жарылыс салдарынан қаза тапқан марқұмдардың жаназасына қатысты, деп жазды облыс әкімінің баспасөз хатшысы өзінің Facebook парақшасында.

«Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы көпқабатты үйде орын алған жарылыстан қайтыс болған Бексұлтан Темірханұлының Жамбыл ауданында тұратын отбасына арнайы барып көңіл айтты. Жаназаға қатысқан Асқар Исабекұлы марқұмның ата-анасы, туған-туыстары мен бауырларына жолығып, қайғылы жағдай барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырғанын жеткізіп, қазаның арты қайырлы болуын тіледі», - деп жазған Біржан Сартбек.

Айта кетейік, кеше таңғы сағат 06:21-де Таразда №9 «Мыңбұлақ» ықшам ауданындағы 62-ші үйде жарылыс болып, салдарынан сегіз адам жапа шегіп, оның үшеуі қаза тапқаны анықталды.

Қазіргі таңда, оқиға орнында Елбасының бастамасымен құрылған арнайы зерттеп-зерделеу комиссиясы жұмыс істеп жатыр.