Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметов Қайнар ауылына жұмыс сапарымен барып, онда әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы Arnapress.kz жазды.
Әкім аралаған әлеуметтік нысандардың қатарында Қайнар ауылындағы орталық аурухана да болған. Ахметов аурухананың күтімі мен қызмет сапасына тағылар сын көп екенін айтты.
«Қараөлең ауылдық округінің 2500 тұрғынына қызмет ететін аурухананың күтімі мен қызмет сапасына тағылар сын көп. Дәрі сақталатын қарапайым жиһаздың есігі сынып жатыр, өкініштісі, мейірбикелер оны жасырып әлек. Науқастар жататын бөлмелерде су жоқ, есіктерінің тұтқасы түсіп, әрең ашылып, жабылады», – деді облыс әкімі.
Даниал Ахметов бюджеттен жөндеу жұмыстары мен қажетті құрал-жабдықтарды алуға қаражат бөлінетінін айтты.
«Ультра-дыбыстық зерттеу құрылғысы ескірген екен, тезарада жаңасын алып беру тапсырылды. Денсаулық сақтау басқармасы сондай-ақ, перзентхана ашу үшін жұмысты бастауы қажет», – деп жазды әкім Facebook-те.