Зорлық-зомбылық: 900-ге жуық адам ажал құшқан

Фото: elements.envato.com
Фото: elements.envato.com
Елімізде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда соңғы 4 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 900-ге жуық адам ажал құшқан. Тағы 2 мыңнан астам тұрғынның денсаулығына ауыр зиян келтірілген. Жыл басталғалы 10 айдың өзінде шаңырағының берекесін қашырған 13 мың қазақстандық қамауға алыныпты. Мұндай жаға ұстатарлық мәліметті  Үкімет отырысында Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елде жыл басынан бері отбасылық кикілжіңге байланысты полицияға 70 мыңнан астам қоңырау түскен. Әкімшілік қамауға алынғандардың саны да  2 есеге артқан. Соңғы 3 айда отбасында жанжал шығарып, жазаға тартылғандардың саны 4 есе көбейген. Ащы суға сылқия тойып алып, шаңырақтың берекесін қашырған 13 мың қазақстандық қазір қамауда отыр. Қоғамда белең алған жағдайдың күрделенуін Ішкі істер министрінің орынбасары бірнеше себеппен байланыстырды.  

– Тұрмыстық қылмысқа баратындардың шамамен 80%-ы мұндай әрекетін мас күйде жасайды. Ащы суға сылқия тойып алып, жанжал шығаратындарды оқшаулау мәселесі маңызды. Еліміз бойынша 880 төсек-орын бар, 35 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейді. Олардың барлығы облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан. Бұл проблема әсіресе, моноқалаларда өте өзекті. Себебі онда орталық жоқ, – деді ҚР ІІМ орынбасары Игорь Лепеха.

Мәселе өзекті деп, министрліктің дабыл қағатындай жөні бар. Соңғы 4 жылда 900-ге жуық қазақстандықтың ажалы осы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан келіпті. Тағы 2086 тұрғын ауыр дене жарақатын алған. Тән жарасын мамандар емдегенімен, жан жарасын жазатын орталық тапшы. Олқылықты оңалту үшін жаңа тұжырымдама әзірленіп жатыр. Бастама негізінде отбасын қолдау орталықтарының қызметін стандарттау қарастырылады.

– Жобаның мақсаты – орталықтардың қызметін стандарттау. Тағы бір маңызды бағыты – ведомствоаралық байланыс арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайына ықпал ету. Келесі жылдан бастап отбасын қолдау орталықтың барлығында бірыңғай жұмыс тәсілі енгізіледі, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Үкімет басшысы «отбасындағы қауіпсіздік мәселесінің шикі тұсы көп» деді. Әлихан Смайылов алдымен жүйелі түрде психологиялық көмек беру жұмыстары жүргізілмейтінін жеткізді. Кей өңірлерде тіпті бір үйдегі жанжалға араша түспек тұрмақ, басын алып қашатындар барын жасырмады. Бұл ретте «Жедел желі» мен сенім телефондарының мүмкіндігін кеңейту қажет деп тапсырма берді.

– Биылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті түзету енгізілді. Тамызда өңірлерде тиісті жол картасы іске асырылып келеді. Жалпы қазірдің өзінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық құқық бұзу айзайған.  Дегенмен бұл мәселеде жағдай әлі де күрделі. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша полицияға 74 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Әкімшілік қамауға алынғандардың саны 2 есеге көбейді, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Елімізде 70-ке жуық орталық жұмыс істейді. Онда зардап шеккендерге медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Алайда бұл орталықтардың саны жеткіліксіз. Үш жыл ішінде қосымша осындай 97 мекеме ашу көзделіп отыр.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұзынағашта пышақ жарақатын алған қызға ота жасады

Новости партнеров