2020 жылдан бастап жалпыға ортақ табысты декларациялау жүзеге асып, әр қазақстандықтың кірісі есептелмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Табыс декларациясы 13 млн қазақстандықты қамтуы мүмкін дейді сарапшылар. Оның аясында ақшалай кірістер мен шығындар, сондай-ақ ірі сатып алулар толық бақылауға алынады. Нақтырақ айтсақ, тұрғындар жылжымайтын мүлік пен жер телімін, автокөлікті, банктегі салымдары мен ақша қаражатын, антиквариат пен бағалы заттарын көрсетуге міндеттеледі. Тіпті, жыл бойы жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақы немесе жалақыдан өзге ешқандай табыс таппаған жандар үшін де декларация үдерісінің өзіндік жолдары қарастырылған.
«Негізінде, табыс пен қаражат шығындарын декларациялау – көп жылдан бері айтылып келген бастама. Оның уақыты 2008 жылдан бері бірнеше рет кейінге шегерілген. Менің ойымша, біз бұл үрдіске дайынбыз. Ең басты талап – затыңыздың немесе мүлкіңіздің құны 500 мың теңгеден асуы керек. Бұл есепті қазақстандықтар қағаз түрінде 2020 жылдың 15 шілдесіне дейін, ал электронды түрде 15 қыркүйекке дейін өткізу тиіс. Егер азамат осы уақыт аралығында үлгермей қалса немесе толтырған құжатта шынайы ақпарат көрсетілмесе, онда ол адамға 75 750 (30 АЕК) теңге көлемінде айыппұл салынады», – деді Республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығының директоры Дмитрий КАЗАНЦЕВ.