Алматыда көпбалалы отбасылар тұрғын үйге құжатын қашан тапсыратыны белгілі болды

tengrinews.kz
tengrinews.kz
Алматыда келер аптадан бастап «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге құжат қабылдау басталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда келер аптадан бастап «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге құжат қабылдау басталады. Оған талай жылдан бері пәтер кезегінде тұрған көпбалалы және толық емес жанұялар қатыса алады. Баспана жеңілдікпен, жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талай жылдан бері пәтер жағалап, үй кезегі жылжымаған Алматының көпбалалы және толық емес отбасыларының айы оңынан тумақ. Келер аптадан бастап мұндай жанұяларға пәтерді жеңілдетілген 2 пайыздық несиемен беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылады. Көпбалалы ата-аналар құжаттарын өткізіп, олардың алды тіпті Ұлыстың ұлы күнінде арман еткен қоныс тойын тойлады. Жаңа бағдарламамен құны 15 млн теңгеге дейінгі пәтерді сатып алуға мүмкіндік бар.

«Қаламызда көпбалалы, оның ішінде әлеуметтік мұқтаж жанұяларды қолдауға бағытталған, партия жобасымен үндес «Бақытты отбасы» жол картасын іске қостық. Алматыда үй кезегінде тұрған 1276 көпбалалы табысы аз отбасы жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бойынша пәтер алу мүмкіндігіне ие болып, жалпы 7000-нан астам адам қамтылмақ», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

«Бақытты отбасы» әлеуметтік баспана бағдарламасы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы беріледі. Көпбалалы отбасылар қаржы ұйымына сатып алатын тұрғын үй құнының бастапқы 10 пайыз жарнасын төлеуі тиіс. Қала билігі мұндай отбасылардың жүгін жеңілдету үшін, тіпті бастапқы жарнадан да босатып отыр. Оларға қала бюджеті есебінен 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаты таратылады. Ал қалған қаржыны жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен 19 жыл бөліп төлейді.

«Алғашқы сегіз жылда 42 100 теңге, қалған 11 жылда 27 400 теңге болады. Яғни, бұл көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың пәтер жалдауға төлейтін сомасыү Олардың жалға алған пәтері өз баспанасы болып қалады», – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат ИБРАГИМОВА.

Тың бағдарлама аясында 2021 жылға қарай Алматыда 2800 отбасын, ал алғашқы 25 жылда 10 мың көпбалалы жанұяны баспанамен қамту көзделіп отыр. Бұдан бөлек, осы айдың ортасынан бастап аз қамтылған әулеттердің 4 мыңға жуық оқушыларына алғаш рет стипендия төленеді. Үздік оқыған мектеп оқушылары ай сайын 5 мың теңге, ал жоғарғы оқу орындарының студенттері 10 мың теңгеден алады. Қиын жағдайға душар болғандарға берілетін бір реттік төлем көлемі де 25 мыңнан 50 мың теңгеге көбейеді. Сондай-ақ, жәрдемақы көлемі артып, 5 мыңға жуық адамды қамтиды.

«Мүгедек балаларға күтім жасайтын отбасыларды әлеуметтік қорғау күшейтілді. Мүгедек балаларға 18 жастан асқан бала кезінен І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтардың жәрдемақысы 31 мың теңгеден 41,6 мың теңгеге көбейтілетін болды. Бұл енді Алматы қаласы бойынша 7 мың 394 адамды құрайды», – деді Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат ШИМАШЕВА.

Қала билігі әлеуметтік аз қамтылған, оның ішінде көпбалалы отбасыларды қолдау үшін бірқатар ауқымды шаралар қабылдаған. Әсіресе, ақ жаулықты аналардың мәселесі басты назарда. Оларға құқықтық және психологиялық көмек беру мақсатында 1 сәуірден бастап «Аналар орталығы» ашылады. Мұнда көпбалалы аналар еңбекпен қамтылмақ.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров