Полицейлер күдіктілердің аты-жөнін анықтаған, қазір оларды қолға түсіру шаралары жүргізілуде. Бүгін таңғы сағат 5.00 шамасында Бостандық ауданында болған сұмдық оқиға видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Видеода бір топ жігітің жанжалдасқанын көруге болады. Әуелі ақ түсті көлікті тізгіндеген жүргізуші ерегіскендердің біреуін қағып кете жаздайды. Ал қара машинаның иесі керісінше қаймықпастан үш адамды қасақана қаққан. Ауыр соққы алған екі азамат тура жол ортасында ес-түссіз құлайды. Сондай-ақ, видеода жігіттердің бірінің қолына автокөліктің нөмірін ұстап алғаны байқалады. Белгілі болғандай, жанжалдасқан топ жақын маңдағы көрші тұрған екі көңіл көтеру орындарынан шыққан екен. Олардың араларында қандай дау туғаны белгісіз. Бір анығы, ерегіскендердің барлығы мас болған.
«Қазіргі таңда оларға қатысты «Бұзақылық дерегі», «Қасақана адамдарды қағып кету» және «жол көлік оқиғасынан қашып кету» секілді Қылмыстық кодекстің 3 бірдей бабы бойынша іс қозғалды. Нәтижесінде күдіктілер 7 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Жанжал салдарынан үш адам зардап шеккен. Олардың аяқ-қолдары жарақаттанып, миы шайқалған. Науқастардың бірі орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілсе, қалған екеуі №7 ауруханаға түскен. Қазір олардың жағдайы тұрақты, орта дәрежеде. Дәрігерлердің айтуынша, көлік қаққан жігіттер ауруханаға түскен кезде бір-ақ естерін жиған. Алайда өздерінің қалай соққы жегендерін анық айта алмапты.
«Таңертең біздің бөлімшеге жол апатынан зардап шеккен 2 науқас түсті. Бірі – 91 жылғы азамат. Түскен кезде оның жабық бас ми жарақатын алып, миы шайқалғаны анықталды. Қазір оның жағдайы қалыпты, орта дәрежеде. Екінші науқас та 91 жылғы. Ол жеңіл дәрежедегі мидың соғылуы және төбе сүйегінің ішке кіріп сынған жарақаты диагнозымен түсті», – деді Алматы қаласы №7 қалалық ауруханасының нейрохирург дәрігері Карина ГАИТОВА.