Алматы облысында 300-ден аса отбасы ұялы байланыссыз қалды

Фото: elements.envato.com
Фото: elements.envato.com
Жергілікті тұрғындар хабар-ошарсыз қалғандарына қынжылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 300-ден аса отбасы ғаламторсыз күн көруде, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Бүркіт, Әлібек, Үміт пен Бастау саяжайының тұрғындары шағым айтты. Бұған дейін көшелерін су басқанда  ұялы байланыстың жоқтығынан көпшілік көмексіз қалыпты. Жергілікті жұрт күзде оқу басталса, балаларымыздың жағдайы қиындайды деп алаңдайды.

2019 жылы орнатылған байланыс бағаны бұған дейін де дұрыс жұмыс істемепті. Дегенмен барды қанағат еткен жұрт енді мүлдем хабар-ошарсыз қалғандарына қынжылады. Мәселенің оң шешім табуы үшін тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Арызды ауызша, тіпті жазбаша түрде де жауаптыларға жеткізген. Алайда атқарылған істен нәтиже байқалмайды. Өзгеріс көрінбейді.

- Байланыссыз отырғанымызға, 1 айдан аса уақыт болды. Барлығынан құр қалдық. Әлем тұрмақ, елде не болып жатқанын білмейміз. Бізге қоңырау түспейді, біз телефон шала алмаймыз. Ешкімге керексіз сияқтымыз. Бұл қалай болғаны? - дейді елдімекен тұрғыны Нина Асаче.

Талап-тілегі мен арыз-шағымын енді тілшілерге жеткізген жұрт "төтенше жағдай болса көмекке жүгінбек түгілі,  жақындарымызбен тілдесе де алмай қалатынымыз қорқытады" дейді. Тұрғындардың сөзінше, байланыс іздеп сабылған халық күн сайын бірнеше шақырымды артқа тастап, Алматы немесе Жаркент жаққа қарай бет алатын көрінеді.

- Осы өңірде 25 жылдан бері тұрамыз. 20 маусымда көшемізді су басты. Жолымызды су шайып кетті. Одан бөлек ғаламтор ауылда ұстамайды. Апат болған күні ешқайда хабарласа алмадық. Әкім келіп, өзі көріп, барлығын шешемін деді. Бірақ ештеңе шешілген жоқ, - дейді елдімекен тұрғыны Сатай Еспенбетов.

Тұрғындар күз басталса, балаларымыз сабақ оқи алмай қала ма деп қорқады. Себебі, хат-хабар алмасу үшін де ұялы байланыс ауадай қажет. Ал оқушылар мектепке қатынайтын жалғыз аялдаманың «жыры» әлі бітпеген. Аялдама жолдың бір жағында бар, ал қарсы бетінде мүлдем жоқ. Сол себепті №203 және 225 нөмірлі автобустар белгіленген орынға тоқтамайды екен.

- Автобустардың жүргізушілерімен сөйлескен едім, олар "бұл аялдама жоспарға кірмеген" дейді. Мұны қалай түсінуге болады? - дейді елдімекен тұрғыны Бибігүл Нақысбекова.

Тұрғындар сан сауалмен наразылыққа шыққан соң, әкімдік өкілдері де халық жиналған жерге келді. Алайда жергілікті басшылар мардымды жауап қайтармады. Бәйтерек ауылдық округі әкімінің орынбасары болып жатқан жайттан хабардар болса да, түйіні тарқамаған түйткілдердің қашан, қай уақытта шешілетінін «нақты білмеймін» деуден әрі аспады.

- Мәселені шешу үшін телекомпаниялардың басшыларына шықтық. Жақын арада жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп айтылды. Соны күтудеміз. Алайда нақты қай уақытта екені белгіленген жоқ. Бүгін тағы хабарласып, білеміз, - деді Бәйтерек ауылдық округі әкімінің орынбасары Ринат Сарғожанов.

Ал аялдаманы салатын мердігер анықталып қойған. Жауаптылар жұмысты бастау үшін облыстан бюджет бөлінгенін күтіп отырмыз дейді. Ауылдық округ әкімінің орынбасары аялдама пайда болған күні-ақ автобустар белгіленген жерге міндетті түрде тоқтайды деп сендірді. Ал бұл жауапқа қанағаттанбаған тұрғындар мәселені тезірек шешу үшін облыс әкіміне хат жолдаймыз деп отыр.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жер дауы: Алматы облысындағы елді мекеннің кіре беріс жолы жабылуы мүмкін

Новости партнеров