Өзін әкіммін деп алдаған: Павлодарда әскери қызметкер жазаланбақ

Өзін әкіммін деп алдаған: Павлодарда әскери қызметкер жазаланбақ
Әскери қызметкердің қызметтік тәртіп пен моральдық-әдеп ережелерін бұзуына байланысты қызметтік тексеріс жүргізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Павлодар қаласында әскери қызметкер Instagram желісінде Ақсу қаласының әкімінің атынан парақша ашып алған. Осылайша, ол оқырмандарының санын арттырмақ болыпты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Юрий Фельдманның сөзінше, @ibraevbalgabay жалған парақшасы Instagram желісінде 2019 жылдың 15 ақпанында тіркелген. Онда тұрақты түрде түрлі суреттер мен жазбалар жарияланыпты.

Бұл туралы белгілі болғаннан кейін, парақша иесін анықтауға бір апта уақыт қажет болған.

Анықталғандай, Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраевтың атынан парақша ашып, оны жүргізген Павлодар қаласының 29 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметкері екен.

Юрий Фельдманның сөзінше, әскери қызметкер түсініктемеде жалған парақшаны өзі ашқанын жазған. Оған жұбайым, туыстарым, таныстарым мен әріптестерімнің қатысы жоқ, дейді.

«Оның Instagram желісіндегі Ақсу әкімінің атынан ашқан парақшасы 4-5 апта көлемінде жұмыс істеп тұрды. Осы уақыт ішінде 900-ге жуық оқырман жазылған. Оның түсіндіруінше, осылайша Ақсуда көбірек оқырман жинап алмақ болыпты. Артынша парақшаны өз атына өзгертіп, танымал етпек болған», - дейді Фельдман.

Әскери қызметкердің қызметтік тәртіп пен моральдық-әдеп ережелерін бұзуына байланысты қызметтік тексеріс жүргізілді. Соның нәтижесінде оған сөгіс жарияланды.

Қазіргі уақытта оны ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметкердің мәртебесі туралы» Заңының 26-бабына сәйкес қызметінен босату мәселесі шешіліп жатыр.

«Ол денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық алғандықтан, оның Ұлттық ұлан қатарында әрі қарай қызмет ету-етпеу мәселесі қызметіне кіріскеннен кейін шешіледі», - дейді әкімдіктің әдеп жөніндегі уәкілі.


Новости партнеров