Инвесторларды келісімшарт міндеттерін орындамағаны үшін айыппұлдардан босату қажет. Мұндай ұсынысты еліміздің Жоғары соты жасап отыр. Бұл бірінші кезекте, мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін қысымды біршама азайтып, шетелдік кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік туғызады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
Осы және өзге де сауалдарды жуырда халықаралық сарапшылар, судьялар мен заңгерлер талқыға салды. Пікірталасқа қатысушылар келісімшарт міндеттемелерін бұзғандарды әкімшілік жауапкершіліктен босатуға болатынын айтты. Алайда, инвестор өзінің кінәлі еместігін толықтай дәлелдеуі қажет. Оған қоса, мәміленің шарттары неліктен орындалмағанын түсіндіруі керек.
«Қандай жағдайда инвесторлар айыппұлдан босатылады? Бұл үшін қандай құжаттар ұсынуы тиіс? Мұның барлығын сот шешеді. Біз инвесторларға жайлы климат қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін кей жағдайларда бірден сотқа бермей, кәсіпкерлердің де қызығушығын ескеруіміз керек. Мәселен, кейде шетелдік кәсіпкерлер келісімшарттағы кей міндеттерін апаттық жағдай туғызуы мүмкін деп қауіптенгендіктен, атқара алмауы мүмкін. Сондықтан әр іс жіті қаралуы тиіс», – деді ҚР Жоғары сотының судьясы Жанна ЕРМАҒАМБЕТОВА.