«Үкіметтің мұндай көмегінің қажеті жоқ»: АӘК алған аналар сотқа тартылуда

«Үкіметтің мұндай көмегінің қажеті жоқ»: АӘК алған аналар сотқа тартылуда
Олар жолдастарының қосымша табысын жасырып келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысының Шахан елді мекенінде қосымша табыстарын жасырды деген төрт отбасы істі болып жатыр. 21 мыңдық әлеуметтік көмек алған көпбалалы аналар енді ақшаларын үкіметке қайтару үшін несие алып, қарызға белшеден батамыз ба деп отыр. Жеті балалы әйелге қатысты сот шешімі шығып та үлгерген, деп хабарлайды Stan.kz.

Жеті баланың анасы Назгүл Сәрсенбаева төрт ай алған жәрдемақысын сот шешімі бойынша бір ай ішінде қайтаруы тиіс. Соңғы жаңалықтан әлі есін жимаған әйел банктен несие алудан басқа амалы жоқтығын айтады.

«Енді оны жабу үшін несие аламын. Мен қайда барамын? Үйде жолдасым ғана жұмыс істейді» дейді Назгүл Сәрсенбаева.

Ал Нұрсұлу Алқайдарова сот табалдырығын тоздырып жүр. Төрт баласына 129 мың теңге алып келген әйел сот шешімі пайдасына шешілмесе, ақырғы шараларға баратынын айтып отыр. Себебі сататын мүлкі, қарызға ақша алатын жері жоқ. Осыдан 4 ай бұрын тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектен қысқы уақытқа көмір сатып алу үшін, шағын несие алғандықтан қағылдым, деп отыр.

«Ақпанның кезінде қатты суық болды ғой. Сол кезде несие алдық. Басқа не істейміз?» – дейді Нұрсұлу Алқайдарова.

Ал Шахан аулының билік өкілдері заң бұзушылықтар АӘК-ге іліккен отбасылардың зейнетақы түсімдерінен байқалғанын айтады. Сөздерінше, құжат тапсырған көпбалалы аналар жолдастарының қосымша табысын жасырып келген. Маусым сайын жаңаратын мәліметтер базасы 4 отбасының заңсыздықтарын анықтапты.

«Қазір екі адамның ісі сотқа жіберілді. Бір көпбалалы анаға қатысты шешім қабылданып, тағы екі адамның құжаттары тексеріліп жатыр. Адамдар АӘК-ні қалай болғанда да алу үшін, осындай заңсыз әрекеттерге барған» дейді Шахан елді мекені әкімдігінің бас маманы Гүлбаршын Валеева.

Ал сот шешімі шыққан  Назгүл Сәрсенбаева 519 мың теңгені бір айдың ішінде қайтаруы тиіс. Әйтпесе жолдасының жалақысы түсетін есепшот бұғатталып, тіпті, кішкентай баласы үшін алатын жәрдемақыдан да қағылуы мүмкін.

Новости партнеров