Елдегі сүт өндірушілер қолдауға зәру

30.07.2024 01:46

Сарапшылардың пікірінше, көрші елде жем-шөп бағасы едәуір арзан, сәйкесінше шикізат бағасы да төмен

Almaty.tv

Еліміздің сүт өндірушілері өлместің күнін көріп жүр. Халық қалаулыларының айтуынша, ішкі нарықта арзан шетелдік өнімдердің көбейіп кетуі салдарынан шығыстағы шаруалар мал басын қысқартуға мәжбүр. Ал павлодарлық фермерлер ауылшаруашылық өнімдерін өткізе алмай әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның дүкен сөрелері импорттық өнімдерге лық толы. Нарықта ойып тұрып орын алу үшін бағалары да едәуір арзан. Салдарынан «отандық компаниялар шығынға белшеден баттық» деп дабыл қағып отыр. Шаруалар шикізаттың жетіспеушілігі өз алдына, құны да қымбаттап бара жатқанына шағымданды. Сайып келгенде, сүт өндірушілері бәсекелестікке төтеп бере алмайтын көрінеді.

– Отандық нарықты қорғауға тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді. Нормативтер мен субсидия мәселесі тағы бар. Отандық өнімді көбірек қолдап, дамыту қажет. Өңдеу кәсіпорындарын кеңейту мақсатында арзан несиелер берілсе дейміз, – деді Сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығы төрағасының орынбасары Сағынғазы Құрманалин.

Сарапшылардың пікірінше, көрші елде жем-шөп бағасы едәуір арзан, сәйкесінше шикізат бағасы да төмен. Отандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілер осыдан зардап шегіп отыр. Өңдеуші кәсіпорындар сүтті қабылдаудан бас тартқан. Павлодар облысында фермерлер мал басын қысқартуға мәжбүр. Шаруа қожалығы Еуропадан келе жатқан 1200 бас ірі қараны кері қайтарған. Жергілікті шикізатқа сұраныстың жоқтығын сарапшылар да растап отыр.  

– Өзге елдің өнімдері Қазақстанға арзан бағамен келіп жатыр. Осыған байланысты дүкен сөрелерінде импорттық тауар көп. Отандық сүт-тауар фермалары үлкен көлемдегі сүтті өткізе алмайды. Аталмыш проблема ұн саласында да бар. Өйткені елге астық арзан бағада импортталады, – деді  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы директорының орынбасары Жомарт Сембаев.

Саладағы өндіріс едәуір төмендеді. Мәселен құрғақ сүт 3,5 пайызға, ірімшік пен сүзбе 14 пайыз азайған. Ал қаржы мамандары бұл қалыпты жағдай деп отыр. Халық арзан тауарды таңдайды.

– Кез келген адам 2 маңызды факторға қарайды. Бұл – сапа мен баға. Егер сапасы жақсы болса, ол әрине, арзанын таңдайды. Либералды экономикада біздің бизнес, экономика деген түсінік жоқ. Тек оның жеке әмияны деген ұғым бар. Егер жеке әмиян жағынан қарайтын болсақ, қазақстандықтар жақсы сапа мен арзан бағада тауар сатып алу арқылы дұрыс таңдау жасайды, – деді экономист Әнуар Нұртазин.

Сарапшылар «мемлекет елдің экономикалық өміріне араласуын жоспарлы түрде қысқартып жатыр» дейді. Нарық ашық, ал бәсекелестікке қабілеттілік тек кәсіпкерлердің өзіне байланысты.

Еркебұлан Серікұлы, Ризабек Ахметов, «Алматы» телеарнасы, Павлодар облысы

Оқи отырыңыз: Қуып шықты: Таразда жұмысшылар жалақысын ала алмай жүр