Ресейден келіп жатқан азаматтар Қазақстанның еңбек нарығына айтарлықтай әсер ете қоймайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ресейде ішінара жұмылдыру жарияланған күннен бастап көрші елдің 100 мыңға жуық азаматы Қазақстанға кірген. 8 мыңнан астам адам қазақстандық жеке сәйкестендіру нөмірін алыпты. Бүгінгі Үкімет отырысында бизнесті қолдау, астық жинау тақырыптары қозғалғанымен, журналистерді Ресейден келіп жатқан азаматтардың көптігі мазалады.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысын кешегі сөзі үшін ақталып, жағдайды түсіндірмек болып бастады. Кеше көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізген ол – Еуразиялық Экономикалық Одақ заңнамасына сәйкес ресейліктерді уақытылы тіркеп, еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру керек деген еді. Қонақжай премьер бүгін «еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы біз үшін маңызды деді. Әлихан Смайылов көрші елдің азаматтары ағылып келіп жатқаннан өзіміздің халық қиын жағдайға тап болып отыр. Сондықтан жауапты органдарға тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыруды тапсырды
«Еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы – біз үшін приоритет. Барлық кәсіпорындар мен мекемелер осыны естен шығармау керек. Ал көршілер елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана жұмыспен қамтылады. Еңбек ете алады», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Дегенмен журналистер бүгін кулуарда министрлер кабинетінің мүшелерін сұрақтың астына алды. «Ресейден келіп жатқан, алдағы уақытта келетін адамдар Қазақстанның еңбек нарығына қалай әсер етеді» деген сауалға Экономика министрі «елімізге келетін ресейліктер жергілікті еңбек нарығына қатты әсер етпейді» деп жауап берді. Тіпті, бұл құбылыс үйреншікті жағдай дейді.
«Менің ойымша, қатты қысым болмайды, өйткені ең алдымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жұмыс орындары бірінші кезекте біздің экономикамыз үшін ашылады. Әрине, шетелдіктердің белгілі бір ағыны тіркелер - бұл әрқашан болатын құбылыс. Қазақстандықтардың сұранысына ие емес, гастарбайтерлер келетін жұмыс орындары бар», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Ал Премьер-министрдің орынбасары – Сауда министрі Серік Жұманғарин халықты сабырға шақырып, әліптің артын бағуға кеңес берді. Оның айтуынша, байбалам салудың қажеті жоқ. Шенеунік ресейліктер біздің елді көбіне транзиттік ел ретінде пайдаланып жатқанын айтты.
«Жұрт жақсы өмірден қашып келіп жатқан жоқ. Қырғызстанда, Грузияда, Арменияда. Сондықтан ең алдымен, біз өз азаматтарымыздың өмірі нашарлап кетпеуі үшін баланс сақтаймыз. Көбі Қазақстан арқылы басқа елдерге кетеді, мына жақта қалмайды. Сол себепті жағдайды бақылап, байбалам салмауымыз қажет», – деді ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
ІІМ ақпарына сай, көрші елде мобилизация жарияланған күннен бастап Қазақстанға 98 мыңдай ресейлік кірген. Соның 64 мыңнан көбі біздің елден шығып кетіпті.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан