Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнын басқаратын болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аkorda.kz-ке сілтеме жасап.
- Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері "АрселорМитталда" жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Вадим Борисович Басин 1962 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: 1985 жылы Қарағанды политехникалық институтын тау-кен жұмыстарын электрлендіру және автоматтандыру мамандығы бойынша, 1990 жылы Томск автоматтандырылған басқару жүйелері және радиоэлектроника институтын өнеркәсіптік электроника мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1986 жылы бастаған. Қарағанды металлургия комбинатында агломерациялық цехта инженер-электрик, агломерация цехы бастығының электр жабдықтары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
2003 жылы "Испат-Қармет" АҚ бас энергетикі болды.
2011 жылдан бастап "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Басқару дирекциясының жөндеу жөніндегі директоры қызметін атқарды.
2013 жылы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының жөндеу жұмыстары жөніндегі орынбасары, кейін сол компанияның басқару дирекциясының өндіріс жөніндегі директоры болып тағайындалды.
2017 жылдан бастап "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры болып жұмыс істеді.
2021 жылғы 26 шілдеден бастап - Қарағанды облысы әкімінің энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, индустриялық-инновациялық саясат және инвестициялар, төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары.
2022 жылдың 12 қазанында Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Қарағанды облысына барды