Алматыда Наурыз мерекесі күні 60 тонна наурыз көже мен бауырсақ дайындалады

Алматыда Наурыз мерекесі күні 60 тонна наурыз көже мен бауырсақ дайындалады
Биыл Алматыда Наурыз мерекесі кең ауқымда атап өтілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Ұлыстың ұлы күнін дүркіретіп атап өтуге соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Думанның негізгі шаралары өтетін 7 аумақта киіз үйлер тігіліп, сахналар әрленуде. Биылғы думанды дүрмек қай жағынан алып қарасаңыз да ерекше болғалы тұр. Рекордтық көрсеткіштер де жоқ емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгіннің өзінде қаланың әртүрлі аумағында Наурыз мерекесін тойлау басталып кетті. Күні ертең ұлттық киім киген мәдениет және өнер жұлдыздарының қатысуымен шеру өтеді. 2 мыңға жуық адамның арасында бүркітшілер, тазы еріткен аңшылар, батырлар болады. Қазақ мемлекеттік циркі алдынан басталатын кавалькада Абай және Абылай хан даңғылы бойымен жүріп, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры алдында аяқталады.

«Биыл Наурыз мерекесінің Алматыда да атап өтілуі ерекше болғалы тұр. Өйткені, 2000 адамның: өнер адамдарының, студент жастардың, ұлттық мәдениет орталықтарының қатысуымен цирк алдынан үлкен шеруі басталып, Абай көшесінің бойымен жүріп өтіп, Абылай хан даңғылы арқылы төмен түседі де, Опера мен балет театрының алдында аяқталады. Наурыз мерекесі бұрын-соңды мұндай шерулермен тойланбаған еді», – деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт БӨКЕБАЕВ.

Биылғы мереке бар жағынан рекордтық көрсеткішке толы. Алғаш рет қаланың 7 аумағында Алматының мәдени, спорттық және тарихи өмірінен хабар беретін думанды дүрмек дүркіреп өтеді. Ал алматылықтар мен қала қонақтарына арналып, 60 тонна наурыз көже мен 60 тонна бауырсақ әзірленеді. Келушілер ұлттық дала асханасының өзге де тағамдарынан дәм тата алады. 21 және 25 наурыз аралығында ұйымдастырушылар ұлттық ойындар, концерт пен тарихи көрмелердің болатынын айтады.

«Алматылықтар мен қала қонақтарына арнап өз дәмдерін ұсынуға 40 мейрамхана ниет білдірді. Әз-Наурыз тойланатын 7 аймақта олар дайындаған фирмалық тағамдарын ұсынатын болады. Сонымен қатар, биылғы жылдың ерекшелігі, жалпы алғанда, 60 тонна наурыз көже мен 60 тонна бауырсақ дайындалмақ. Ал 22 наурыз күні Панфилов көшесінде 3 аймақ анықталып, 6 шатыр орнатылады және онда мерекелік дәмдер тегін үлестіріледі», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының баспасөз хатшысы Саяжан ӘБІРБЕК. 

21-22 наурызда Алматыда алғаш рет «Наурыз Азия ортасында» атты халықаралық форум өтеді. Әзербайжан, Ресей, Түркия, Эстония, Испания, Ұлыбритания, Германия мен Жапониядан келген тарихшылар, өнертанушылар мен қоғам қайраткерлері келеді. Жиын барысында делегаттар Наурыздың тарихы мен Шығыс елдерінің фольклоры мен дәстүрлерімен танысады.

«Біздің барлық этно өкілдері, сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарының өкілдері, барлық қалада орналасқан театрлар мен концерттік ұйымдар атсалысып, Панфилов пен Жібек жолы көшелерінде 4 күн бойы той-думан ұйымдастырамыз», – деді Алматы қаласы мәдениет басқармасының бөлім басшысы Айнұр БАЖЕНОВА.

Ал әлемнің 8 мемлекетінен келетін екі жүзге жуық қолөнершілер әз-Наурызда алматылықтар мен қала қонақтарына өз өнерлерін паш етеді. Бірегей ұлттық аспаптарды, көз жауын алатын зергерлік бұйымдарды, ұлттық нақыштағы кілемдер мен ыдыстарды тамашалай алады.

«Мерекеде өтетін бұл іс-шараның артықшылығы – қала тұрғындары мен қонақтары ол бұйымдарды қолымен ұстап көріп, әр шебердің жасау технологиясымен таныса алады», – деді ұлттық саз аспаптарды жасаушы шебер Бақытжан ДІЛМАНОВ.

22 наурыз күні Астана алаңында «Ұлы даланың ұлы күні» гала-концерті өтсе, МузАрт тобының ән кеші осы алаңда 23 наурыз күні ұйымдастырылады. Ал «Алматы Арена» мен «Халық Арена» аумағында да ұлттық ойындар ойнатылып, спорттық сайыстар өткізіледі. «Домбыра party» музыкалық сайысы көптің назарын аудартпақ. Айта кетейік, екі мұз айдынында мереке күндері жаппай сырғанауға болады. Ал мен тұрған Атакент көрме орталығы аумағында, танымал алып тиіннің алдында NowRyz party фестивалі өтеді. Алып жануар тақия киіп, қолына қызғалдағын ұстап, мерекені тойлауға дайын тұр.

«Танымал тиініміз Наурыз мейрамын тойлауға шақырады. Мұнда ұлттық сарындағы заманауи әндер шырқалып, түрлі дәмнен ауыз тиюге мүмкіндік бар. Көшпенділер ойыны ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қатырма қағаздан әркім киіз үй құрастыра алады», – деді «Nowryz party» фестивалінің жетекшісі Алеся НУГАЕВА.

23 наурыз күні «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінде де мерекелік шара ұйымдастырылады. Келушілердің зип-лайн, роупджампинг аттракциондары, мотокросс-шоу, балалар батутына квадроциклдарға міну мүмкіндігі бар. Дәл осы күні Панфилов көшесінде «Сайра, бұлбұл» концерті басталады. Мұнда халықтық фольклор, батырлық жырлар, махаббат туралы әндер шырқалады. Қысқасы, қазақтың Жаңа жылын ұмытылмастай етіп атап өтем деушілерді Алматыға шақырамыз. Ұлыс оң болсын!

Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров