Алматыда 120 мың адамның қатысуымен «Мәңгілік даңқ» шеруі өтті

Алматыда 120 мың адамның қатысуымен «Мәңгілік даңқ» шеруі өтті
Айтулы шара билы алтыншы рет ұйымдастырылып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда осымен алтыншы жыл қатарынан «Мәңгілік даңқ» шеруі ұйымдастырылды. Қалыптасқан дәстүр бойынша үйреншікті жолмен 120 мыңнан астам адам боздақтарды еске алып жүріп өтті. Бұл қан майданға қатысып, жеңіс жалауын желбіреткен жауынгерлер мен батырларымызға көрсетілген құрмет деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сұрапыл соғыс жылдары бізге бір ғана жеңіс керек болды. Ал батыр бабаларымыз оны білектің күшімен, ерлікке татитын ісімен алып берді. Жаудың атқан оғына ұшты, бірі жарылыстан, енді бірі фашистердің қолынан қаза тапты. Бұл біздің ортақ тарихымыз. Қанша қаласақ та оны өшіре алмаймыз, өзгертуге де болмайды.

«Бүгін қаншама адамның келгенін көріп тұрсыздар. Олар аталары мен әкелерінің ерлігіне тағзым ету үшін жиналып жатыр. Ұрпақтары сол батырларының жалғасы екендігін мақтанышпен көрсетуде. Мәңгілік даңқ осымен алтыншы рет өткізіліп отыр. Бұған дейін ардагерлер маршы ретінде бастаған игі шарамыз жылдан жылға танылып келеді», - дейді Ауған соғысы ардагерлері үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат ӘБДІШҮКІРОВ.

Ашық аспан астында енді олардың ұрпақтары – біздер бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Бүгін жиналған қарақұрым халықтың әрбірінің қолында аталарының суреті. Ескі болса да қымбат! «Мәңгілік даңқ» шеруіне келгендердің өз батырлары мен қайталанбас тарихы бар. Көзге жас алып, қабағын мұң шалса да, артында зор мақтаныш сезімі кеудені кернейді.

Қан майданда қайғыдан қан жұтып, жақынынан айрылмаған отбасы жоқ. Жеңістің құны тым жоғары болды. Әлі күнге дейін екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ елінен қанша адамның аттанғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Бір ақпарат 1 миллион 200 мың сарбаз кетті десе, екінші ақпарат миллион жарымнан асырып тастайды. Бірақ, соғысқа аттанған отандастарымыздың әрбір төртіншісі майданда қаза тапса, әрбір екіншісі мүгедек болып оралды.

«Мәңгілік даңқ» шеруі жыл санап ауқымын кеңейтіп келе жатыр. Былтыр осы көшелермен 100 мың адам жүріп өтсе, биыл олардың саны 120 мыңнан асып жығылды. Ең бастысы – ешкім де, ешнәрсе де, ешқашан ұмытылмақ емес.

Новости партнеров