Олар пияздан бас тартып, қант қызылшасын егуді бастады
Былтыр 770 мың гектар жерге егін салған жамбылдық диқандар биыл егіс көлемін 100 мың гектарға дейін қысқартты. Оған қуаңшылық себеп болған. Ал жауапты басқарма басшылығы «биыл да судан тарығуымыз мүмкін» деп мәлімдеп отыр. Сондықтан аймақта суды аз тұтынатын тұқым түріне басымдық беріліп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұриддин Бегманов басқаратын өндірістік кооператив егін шаруашылығымен 30 жылдан бері айналысып келеді. Байзақ ауданындағы серіктестік еншісінде 1500 гектар жер бар. Сол жерлерді өңдеп, егін салуға 60 тонна жанар-жағармай қажет. Демек, 15 миллион теңге жұмсалады. Сондықтан диқандар 245 теңгеге қымбаттаған жеңілдетілген дизель бағасын қайта түсіруді сұрап отыр.
– Жеңілдетілген бағамен 250 теңгеге алдық. Дегенмен ол қымбат, шаруалар агротехника жеткіліксіз болғандықтан, толық пайдалана алмайды. Ал жанар-жағармай арзан болса, өнім де көп болады, – деді шаруа Нұриддин Бегманов
Жауапты басқарма мамандары жеңілдетілген жанар-жағармайдың тарифі былтыр 203 теңге болғанын растады. Десе де, биылғы дизельдің құнын Энергетика министрлігі 47 теңгеге өсірген. Бұл бағаны қайта түсіру үшін басқарма жауапты ведомствоға хат жолдапты. Бірақ өзгеріс жоқ.
– Көктемгі дала жұмыстарын жанар-жағармайды 203-210 теңгеге сатып алғанбыз. Мұнайды өңдейтін зауыттардың шығыны, жеткізу құнын қосқанда, бағаны өсіріп отыр, – деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов.
Былтыр шығынға батқан жамбылдық диқандар биыл да сақтап қойған өнімді өткізе алмады. Сондықтан көбісі егістікке егін салуға жүрексініп қалған. Солардың бірі – Нұрхан Дәрібаев. Ол биыл пияздан бас тартып, қант қызылшасын егуді бастады. Себебі көкөніс пен бақша өнімін өткізу қиын.
– Шаруаларға қызылша еккен тиімді болып тұр. Су жағынан қиын болғанымен, өнімді өткізе алады. Қызылшаға жеңілдік те көп, – деді шаруа Нұрхан Дәрібаев.
Су тапшылығынан үрейленген жұрт биыл егістік аумағын бірден 100 мың гектарға кемітті. Қазірдің өзінде аймақтағы көкөніс алаңдарының 60 пайызы ғана егіліп, пияз 10 мың гектарға азайған. Жергілікті билік өкілдері «шығынға батқанша, шағын алаңнан өнім алғанымыз абзал» дейді. Сондықтан шаруалар бұл көктемде суды аз тұтынатын арпа мен бидай сынды мал азығына басымдық беріп отыр.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында күріш алқабы қысқарады