Енді халықтан қайырымдылық мақсатында ақша жинайтын блогерлер көмекке мұқтаж кісімен не ұйыммен келісімшартқа отыруы тиіс. Бастамасын заңды құжатпен көрсетпеген жағдайда ол алаяқтық болып саналмақ. Бұл туралы орталық коммуникациялар алаңында азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv
Оның айтуынша, қазір өзгенің мәселесі деп бұқарадан қаржы жинау өзекті болып кеткен. Ал, екіжақты түсініспеушілік туындаған кезде аталған мәселені заңмен реттеу үшін ең тиімді тәсіл осы болмақ.
«Блогер бір кісіге қайырымдылық жасау үшін қаржы жинауды бастаған. Негізгі керек сома - 7 млн теңге, ал жиналғаны - 15 млн. Өз кезегінде блогер көмекке мұқтаж жанға 7 млн теңгені беріп, қалған соманы басқа мақсатқа жұмсайтындығын айтқан. Содан кейін екіжақты түсініспеушілік туындады. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін бұл істі заңдастыру қажет», – деді ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет