Алматыда екі балдық жер сілкінісі тіркелді
Еліміздің барлық аймағында бір уақытта жер сілкінісіне дайындық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Таңғы сағат 10:00-де дабыл қағылып, білім беру мекемелерінде, емхана мен түрлі ойын-сауық орталықтарында жүрген адамдар сыртқа шығарылып, оларға қауіпсіздік ережесі түсіндірілді. Оқу-жаттығу жиыны Алматыда да өткізілді. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен ашық алаңдарға шатырлар тігіліп, көпшілікке жаднамалар таратылды.
– Алдыңғы жер сілкінісі кезінде қатты қорқып қалдық. Бүгін Алматыда жатақханадағы студенттер далаға шығып, оқу-жаттығу жасадық, – деді студент Қайнар Мысырғаш.
– Дайындық іс-шарасының арқасында дүрбелеңге салынбай, қобалжымай бірден далаға шығып, ашық алаңға бару керек екенін және қандай ғимараттар жанында тұрмау керек екенін білдік, – деді студент Мадияр Шазин.
Айта кетейік, сағат 10:08-де Алматыда екі балдық жер сілкінісі тіркелді. Дүмпудің эпицентрі Алматыдан оңтүстік-шығыс бағытта 259 шақырым жердегі Қытай аумағында болған. Мамандар алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.
– Министрдің бұйрығымен Алматы қаласына қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында 5 комиссия мүшесі құрылды. Шаһарда көпқабатты үй көп. Бостандық ауданында 1963 үй бар. Оқу-жаттығу барысында 300 үйді қамтылып, жұмыс жүргізілді, – деді Бостандық ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Еркебұлан Қасенов.
Оқи отырыңыз: Алматылықтар тағы да жер сілкінісін сезді