Үкімет бөлген дизель отынының көлемі қант қызылшасын жинауға жетпейді - шаруалар дабыл қақты

27.08.2024 20:18

Өнімде жинауға гектарына кем дегенде 70-80 литр арзандатылған дизель жұмсалады

Almaty.tv

Жетісулық шаруалар күзгі жиын-терін науқанына дайын емеспіз деп дабыл қағып жатыр. Оның айтуынша, жанармай жеткіліксіз. Жауапты министрлік қант қызылшасына бөлінетін арзандатылған дизель отыны көлемін қысқартқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Александр Квитко биыл 62 гектар жерге қант қызылшасын еккен. Ерте көктемнен бергі есіл еңбектің өнімін 20 күннен кейін жинап алуы керек. Алайда шаруа жанар-жағармайдан таршылық көріп отыр. Оның айтуынша, Үкімет бөлген арзандатылған  дизель отыны  алқаптың 20 пайызына ғана  жетеді.

– Қандай ғылыми кеңес 30 литр жанармайды санап берген? Қант қызылшасының 80 пайызын жинай алмай қалуымыз мүмкін. Сол маман менің шаруашылығыма келсінші, 30 емес 50 литр жанармай құйып берейін. Қызылшаның жарты гектарын да жинай алмайды, – деді шаруа Александр Квитко.    

Шаруаларға күзгі жиын-терінге арзандатылған бағамен берілетін дизель отынының көлемі қысқарған. Министрлік биыл тәтті түбірдің әр гектарына 30 литрден ғана солярка бөлген. Ал шаруалар қант қызылшасын жинауға гектарына кем дегенде 70-80 литр арзандатылған дизель жұмсалатынын айтты.

– Қызылшаны егістіктен қазып алып, зауытқа жеткізгенге тағы жанармай керек. Зауыттың қашықтығына байланысты. Сондықтан егін жинауға жанармайды дұрыстап есептеп,  жеткілікті бөлу керек деп ойлаймын, – деді шаруа Ғазиз Жеткеев.

Ал Ауыл шаруашылық министрлігінің өкілдері шаруаларға берілетін дизельдің көлемі қайта қарастырылып жатқанын жеткізді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі:

«Дизель отыны шығысының 1 га нормативтерін бекіту тетігі бөлігінде өзгерістер енгізілді: 1 гектарға дизель отыны шығыстарының бірыңғай базалық нормативтерінің орнына, өңірлердің топырақ-климаттық жағдайын және өсірілетін дақылдар түрін ескере отырып әзірленген аграрлық бейіндегі ғылыми ұйымдардың ұсынымдарын негізге ала отырып, әр облыс бойынша дизель отыны шығысының нормативі белгіленетін болады».

Нарықта арзандатылған дизель отыны бензиннен қымбат. Оның литрі 295 теңге тұрады. Шаруалар дизель отынын нарық бағасымен сатып алуға да дайын, бірақ жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек қалыптасатыны белгілі жағдай. Олар "жиын-терін кезінде уақыт жоғалтсақ, өнімді үсітіп немесе шірітіп алуымыз мүмкін" деп алаңдап отыр.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Алматы облысы Алатау қаласының құрамына кіретін жерлер бөлігі қысқарды