|
14.02.2023 | 15:20
5902

Жеңілдетілген несие: алаяқтар 200-ге жуық адамды тақырға отырғызып кетті

Олардың көбі өзге өңірдің тұрғындары

Жеңілдетілген несие: алаяқтар 200-ге жуық адамды тақырға отырғызып кетті Almaty.tv

Алматыда жеңілдетілген несие алып беремін деген алаяқтарға алданған 200-ге жуық адам жиналып, арызын айтты. Олар істі қарап жатқан Медеу аудандық полиция басқармасының алдына жиналған. Сөздерінше күдіктілердің үстінен арыз жазғалы 2 айдан асқан. Алайда әлі нақты шешім естімедік дейді зардап шеккендер, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрмысымызды түзейміз деп тәуекелге барып, жалған жарнамаға алдандық дегендер ендігі 200-ге жеттік деп арызданып отыр. Олардың көбі өзге өңірдің тұрғындары. Құжаттық сауатсыздығымызды пайдаланып сан соқтырып кетті дейді.

«Құрылыс саласында жұмыс істегендіктен өзіме трактор алайын дегенмін. Қалғандары мал сатып алмақшы болған. Енді бәріміз сеніп, алданып қалдық», – деді зардап шегуші Медет Тоқтарбаев.

Әккі әдіспен елдің осал тұсын тапқандар о баста түрлі қымбат затты алғызып кредит рәсімдейді екен. Кейін ол бағалы бұйымдарды өзіне алып қалып, азаматтарды уәдемен шығарып салған.

«Жанбұлов Елдос Марғұланұлы 2 айдың ішінде 6 пайызбен 2 млн теңге алып беремін деп уәде берген. Қазіргі уақытта 175 адам зардап шегіп отыр», – деді Жамбыл ауданының тұрғыны Еркін Илиясов.

«Тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Мамыр айында бұл істі аяқтап, сотқа жібереміз. Қазіргі уақытта бұл жерде 160 жәбірленуші болуына байланысты бұл істің мерзімі созылып жатыр. Тергеу әрекетін аудан прокуратурасы жүргізіп жатыр», – деді Медеу аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Керімбаев.

«Қазір екі күдікті азамат ұсталып, қамауға алынды. Олар 1995 және 2001 жылғы азамат. Екеуінің үсітінен ҚР қылмыстық кодекстің 193-бабының 3-тармағы бойынша яғни, аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда басқа да жәбірленушілерді іздестіру үстіндеміз», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Құзырлы орган өкілдері қазір қажетті жұмыстың бәрін атқарып жатырмыз деп сендірді. Сонымен қатар күдіктілердің көп адамды алдағаны сотта қатаң ескеріледі деп отыр. Ал, күдіктілердің кінәсі дәлелденсе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» теларнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир