Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендермен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv
Шұғыл әрекет ету штабы отырысынан кейін Мемлекет басшысы орман өртінен зардап шеккен Аманқарағай ауылының аумағын аралады.
Мемлекет басшысы Әулиекөл ауылындағы мектепте орналасқан эвакуациялау пунктінде зардап шеккен азаматтармен кездесіп, гуманитарлық көмек тарату пунктіне барды.
Зардап шеккендермен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет қиын жағдайды еңсеру үшін барлық шараларды қабылдайтынын айтты.
«Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еріктілермен әңгімелесіп, оларға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің баяндамасын тыңдады. Қызыл жалынды жылдам сөндіру үшін шұғыл әрекет ету штабына бірқатар тапсырма берді.
«Қазіргі уақытта өрт болған аумақтағы 5 учаскеде белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Елді мекендерден 1000-нан астам адам эвакуацияланды. Көмек көрсету пунктінде 66 мыңға жуық адам орналастырылды. Қалғаны өз үйлеріне оралды. Біздің штаб жағдайды назарда ұстап отыр. Тиісті шаралардың барлығын жасайтын боламыз», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.