Әнші Бағлан Әбдірайымов түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастыру арқылы кітабын сатып жүр. Дегенмен әншінің әрекетін көпшілік кітабы өтпеген соң осындай қадамға барды деп сынаған болатын. Бірақ Бағлан мінеп-сынағандармен келіспейтінін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz
"Кітап өтпегеннен емес. Кітап өтеді ақырындап, бәрібір оның оқырманы бар. Енді ол өзі өтеді деп отыра берген жақсы ма, әлде қимылдап, осындай ауқымды жобаларды жасап, көбірек аудитория қалыптастырған дұрыс па? Бұл ешқандай да лотерея емес. Ол – менің авторлық бағдарламам. Авторлық кітабым, ән айтатын өзім, руханият туралы ақ пен қараны ажыратып айтатын өзім, жауапкершілік алған өзім. Жарнама жасап жатқан өзім. Бір сөзбен айтқанда бәрін өзім ұйымдастырдым. Бұл – менің авторлық жобам", – дейді әнші Бағлан.
"Отырып, тұрып, жатып сатамын ба өзім білемін. Бірінші мына нәрсеге назар аударған дұрыс. Біздің дәстүрімізге де, адамгершілікке де жатпайтын бір нәрсе бар. Егер мына мен айфонды ұтысқа қойдым деп, елден ақша алып, ақша берген кісінің қолында соған тұрарлық зат болмаса, ол адамгершілікке, дәстүрге де жатпайды. Ал енді айфонды алу үшін сіз менің қолымдағы қаламсапты нарық бағасымен сатып алсаңыз, онда мына айфонға қол жеткізуіңіз мүмкін деп маркетингтік ходпен жасау адамгершілікке жатады", – дейді әнші.
Ұтысқа қойылған бір кітаптың құны – 10 000 теңге. Сол құнның ішіне «Ақ пен қара» кітабы, одан бөлек онлайн-тренинг, концертке билет алуға болады екен.