Министр өтінішті бір рет қана беруді сұрады
Коронавирус жұқтырған 123 дәрігер үш күннің ішінде 2 миллион теңгеден өтемақы алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Министр, сондай-ақ, шілде айына 42500 теңгеге өтініштер ертеңнен бастап қабылданатынын айтты. Аталған жәрдемақыға бірінші қыркүйекке дейін өтінім беруге болады. Мерзім көмекке мұқтаж барлық қазақстандықтардың шілде айындағы бір реттік төлемді алып үлгеруі үшін ұзартылып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңге кімге берілетінін бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Жәрдемақы біріншіден, карантиндік шектеулерге қатысты ақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы жұмыскерлерге беріледі. Бұл жерде өтінішті тек жұмыс беруші ғана жіберуі тиіс. Бір реттік төлем карантин уақытында жұмысы тоқтап қалған жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатындарға да төленеді. Үшіншіден, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп жүрген фрилансерлер.
«Олар өтінішті өздері береді. Бұл өтініштер штаб арқылы өтпейді, тікелей жіберіледі. Бұл кісілерге бір шарт – осы 2020 жылы 6 айдың ішінде бір рет болса да зейнетақы жарналарының аударылуы. Бұл қатарға кәсіпкерлікпен ай сайын тұрақты түрде бірыңғай жиынтық төлем төлеп жүрген кәсіпкерлер де кіреді. Соңғы санат – өз бетінше жұмыс істеп жүргендерге 42500 теңгені алуға болады. Бұл жолғы өзгеріс – өткендегідей бірыңғай жиынтық төлемін төлеудің қажеті жоқ, төтенше жағдай кезінде төледіңіздер, біз соны ескереміз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Министр өтініштерді қабылдауға қажетті порталдардың барлығы дайын екенін айтты. Олар түнімен тестілеуден өткізілмек. Сонымен жалдамалы қызметкер болып табылмайтын, төлем тағайындауға жататын азаматтар өтінішті: egov.kz - «электрондық үкіметтің» веб-порталы; 42500.enbek.kz порталы, «Электрондық үкімет» telegram-bot-ы, Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы бере алады.
Төлемдерді проактивті форматта тағайындау да қарастырылады. Мәселен, осыған дейін де 42500 теңге алған азаматтардан SMS арқылы табысын жоғалту фактісін растау сұралады. Ұялы телефонға келген хабарламаға «Иә» деп жауап беріліп, проактивті түрде тағайындауға келісім болған жағдайда, төлемдер өтінішсіз тағайындалып отырады. Демек, порталдарға жүгінудің еш қажеті болмайды.
Сейсенбіде уәде бергендей министр бүгін студенттер мен зейнеткерлерге қатысты сауалға да жауап берді. Олар да 42500 теңгеге үмітті бола алады. Алайда басты талап карантинге дейін ресми түрде жұмыс істеп, табысын жоғалтуы қажет. Баспасөз мәслихатында Біржан Нұрымбетов, сондай-ақ, коронавирусқа шалдыққан ақ халаттыларға өтемақы берілетінін жеткізді. Бүгінге дейін 123 өтінім келіп түскен екен. Бұл дәрігерлерге үш жұмыс күнінің ішінде 2 миллион теңгеден аударылады, деді министр.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтан
Графика-1
Тақырыбы: 42500 теңге кімге беріледі?
– карантиндік шектеулерге қатысты ақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы жұмыскерлер;
– карантинде жұмысы тоқтап қалған жеке кәсіпкерлер;
– жеке практикамен айналысатын азаматтар;
– азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп жүрген фрилансерлер;
– өз бетінше жұмыспен айналысып жүрген азаматтар.
Графика-2
– egov.kz - «электрондық үкіметтің» веб-порталы;
– 42500.enbek.kz порталы;
– «Электрондық үкімет» telegram-bot-ы;
– Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы;
– екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары.