Елімізде әскерге шақыру науқаны шамамен бір айдан кейін басталады. Осыған орай Ұлттық Ұлан дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мақсат – гвардияның қатарын адал жауынгерлермен толықтыру. Жалпы бұл әскерде қызмет етудің болашақта пайдасы да көп дейді, Ұлан командирлері. Ал бүгінде 5571 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан сарбаздардың бірі, Ұлан қатарына алыну үшін, оқуын уақытша үзе тұруға шешім қабылдапты.
«Әскерге келген себебім – өзімнің қатарластарыммен бірге болу еді. Сол үшін оқуымды бір жылға тоқтаттым. Әскери борышымды өтеп болған соң, қайтадан барып оқуымды жалғастырамын. Ары қарай жұмысымды жасасам деген ойдамын», – деді 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ақтан ӘМІРТАЕВ
Жас сарбаздарды Петропавл қаласындағы әскери институттың соңғы курс курсанттары дайындайды. Яғни, үш жыл бойы теориялық білім алғаннан кейін, болашақ офицерлер тәжірибе түрінде үйренгенін көрсететін болады. Сонымен қатар, ұлттық ұлан әскерилері Алматыдағы тәртіпті сақтауға септеседі. Мұндағы жұмыс тек погон тағып, форма киіп жүрумен шектелмейді. Жас сарбазға қойылатын басты талап – жауапкершілік. Қоғамдағы тәртіпті сақтап, бейбіт адамдардың тыныштығын қору – жауынгердің міндеті.
«Біздің әскери қызмет бойынша айтып кетсем, сарбаздар Алматы қаласындағы 8 ауданында тәртіпті қамтамасыз етеді. Сарбаздармен бірге жүріп, аралап, әрбір жағдайдың алдын алу, жою мақсатымен жауынгерлік қызмет атқарылады», – деді ҚР Ұлттық ұлан Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы 5571 әскери бөлімі әлеуметтік-тәртіптік бөлімінің басшысы Данияр ТҰҚЫСБАЕВ.