|
23.02.2021 | 21:48
4389

Биыл баспана кезегіндегі 9 мыңға жуық азаматқа жеңілдетілген заем беріледі

Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты

Биыл баспана кезегіндегі 9 мыңға жуық азаматқа жеңілдетілген заем беріледі  Фото: ашық дереккөзден

Биыл баспана кезегіндегі 9 мыңға жуық азаматқа жеңілдетілген заем беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты. Оның сөзінше, осы жылы жалпы алғанда 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл 163 мың пәтер. Халыққа баспана қол жетімді болу үшін Үкімет тағы қандай шаралар қабылдамақшы? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады. 

Үкімет алдымен «Отбасы банкі» базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» құрмақшы. Сөйтіп, ол үйге мұқтаж жандарды есепке алады. Сондай-ақ, қолжетімділік сатысына сәйкес тұрғын үйді кезекке қойылған күні бойынша бөледі.

«Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен интеграцияланады. Базаға деректі қайта енгізуге жол берілмейді. Азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға бір рет қана қатыса алады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Елімізде баспана кезегіндегі тұрғындар саны жыл сайын 50 мың адамға артып келеді екен. Бүгінгі таңда 550 мыңға жуық азамат баспанасын күтіп жүр. Кезектегі барлық халықтың әлеуметтік осал топтарының табысы отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі 1 күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда, баспанамен қамтамасыз ету үшін жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау ұсынылып отыр. Бұдан бөлек «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілемекші.

«Жаңа тәсілдерді тиімді іске асыру үшін тиісті заңнамалық түзетулерді тездетіп қабылдау керек. Индустрия министрлігіне осы жылғы 25 наурызға дейін тиісті заң жобасын Үкіметке енгізуді тапсырамын. Заңнамалық түзетулерді қабылдағаннан кейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына да тиісті өзгерістер енгізу қажет. Барлық өңірлердің әкімдіктері бөлінетін қаражатты биыл толық игеріп, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша барлық көрсеткіштерге қол жеткізуі қажет», – деді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Сонымен қатар, Қазақстанда тұрғын үй қорын басқаратын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылады. Бұл оператор жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастырады, тұрғын үй қорын басқарады және жалға алушылармен шарт жасайды.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов халықтың қаражатын тартуға құқылы құрылыс компанияларының рейтингін енгізу қажет дейді. Өйткені Қазақстанда жосықсыз құрылыс салушылардың үлестік тұрғын үй құрылысы саласындағы заңнаманы бұзуы өзекті болып отыр. Өткен 2 жылда осындай 123 компания анықталған. Қаржылық тұрақсыз компаниялар сапалы және арзан тұрғын үйге уәде бере отырып, халықтың салымдарын ашық түрде тартады. Бұл жағдайда құрылыстың аяқталуына ешкім кепілдік бермейді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир