Биыл Қазақстандағы 4 миллионға жуық азамат жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінен өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы жылы заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, кәсіпкерлер мен тіпті олардың жұбайлары да мүлкі және табысы жайында есеп береді. Ал азаматтардың қалған санаттары мәліметін 2025 жылы тапсырады. Осылайша 13 миллионнан астам қазақстандықтың табысы мен шығысы жөніндегі ақпарат бақылауға алынуы мүмкін.
– Бұл жемқорлықпен күресуде көмектеседі. Сондай-ақ орынды салық салуға, үшіншіден, жағдайы төмен отбасыларды анықтап, оларға қажетті жәрдемақы есептеуге арқау болады. «Кіріс-шығыс бақылауға алынады екен» деп даурығудың қажеті жоқ. Ақша жымқыруға, жемқорлық сынды жымысқы әрекетке қатысы болмаса алаңдауға негіз жоқ, – деді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Дина Құсайынова.
Еліміздегі декларация тапсырудың алғашқы кезеңі 3 жыл бұрын ұйымдастырылды. Ол кезде жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары міндеттеліп, 579 мың адам қамтылды. Ал екінші кезеңде мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайы тапсырып, жалпы 2 миллионнан астам азамат декларациялаудан өтті. Бүгінде құзырлы органдар мен мамандар науқанның маңызы мен мақсатын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Қазіргі таңда жалпыға бірдей декларациялау мен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы арнайы семинарлар ұйымдастырылып жатыр. ХҚКО қызметкерлеріне, «Қарыссыз қоғам» ұйымының өкілдеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы қаласында өтіп жатқан бүгінгі семинарға Жетісу, Алматы облыстарының азаматтары да қатысып отыр, – деді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті Оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Ләззат Қасымқұлова.
Оқи отырыңыз: Жалпыға ортақ декларация: Алматы тұрғындарына нені білу керек