Елордада 11 айлық қыздың неден көз жұмғаны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Башпайлары құрғақ гангренаға ұшырап, ампутациялануы мүмкін делінген балғынның өліміне қатысты тексеру шаралары тәмәмдалды. Оның нәтижелерін Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді.
«Сәби өліміне жүрек-қан тамырлары, өкпе және орталық жүйке жүйесі тарапынан көптеген туа бітті ақаулары себеп болған. Дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер балаға барынша көмек көрсетуге тырысты. Бірақ күрделі ақауларға байланысты бүлдіршін көз жұмды. Оның мерт болуына катетердің еш қатысы жоқ. Егер қыздың анасы тергеу нәтижелерімен танысқысы келсе, департамент барлық қажетті материалдарды ұсынуға дайын», – деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ.
Естеріңізге сала кетейік, 11 айлық қыз бала биыл 16 қаңтарда шетінеп кеткен еді. Оның анасы әлеуметтік желіде сәбиінің башпайларынан айырылуы мүмкін деп фотосурет жариялаған болатын. Ол баламен Астанаға қызының жүрегіне жоспарлы ота жасау үшін келген. Алайда, балғынға салқын тиіп, кейіннен пневмония диагнозы қойылған. Сырқатты емдеу барысында баланың аяғына катетер қойылады. Астанадағы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары гангрена жүрек паталогиясы кезінде жиі кездесетін артерия тромбозынан пайда болғанын айтқан еді. Бүгінде бұл болжам арнайы тексеріс барысында жүргізілген кешенді жұмыстар нәтижесінде расталып отыр.