Бүгін, қала күні «Қаланың құрметті азаматы» атағын беру және «Еңбегі үшін» төсбелгісін табыстау рәсімі өтті. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram парақшасында Қала күні оның қалыптасуы мен өсуіне айрықша үлес қосқан қалалықтардың еңбегі аталып өтеді деп жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Белгілі қоғам мен саяси қайраткерлері, ғылым мен білім, медицина мен мәдениет, кино мен әдебиет саласының қызметкерлері қоғамға қызмет етіп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, өскелең ұрпақ үшін үлгі болуда», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Мегаполистің барлық қоғамдық-саяси өмірінің өкілдеріне «Қаланың құрметті азаматы» атағы берілді, сонымен қатар «Еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды. Алматы әкімі қала тұрғындары атынан олардың жұмыстарына алғыс айтып, ризашылық білдірді.
«Қаланың құрметті азаматы» атағы экономика ғылымдарының докторы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Р. Алшановқа;
мемлекет және қоғам қайраткері, III–V шақырылым мәжілісінің депутаты Т. Асановқа; білім беру ісінің құрметті қызметкері Ш. Беркімбаеваға;
мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Бижановқа;
Қазақстанның халық әртісі, актер және кинорежиссер Д. Жолсақыновқа;
Қазақстанның халық жазушысы Қ. Жұмаділовке; Еңбек сіңірген қайраткер, медицина ғылымдарының докторы Н. Каюповаға;
Халық әртісі, эстрада әншісі Р. Рымбаеваға; қаланың бас реаниматологы Т. Қуандықовқа берілді.
Қаланың дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбегі үшін» төсбелгісімен продюсер А. Жұмаш; оқытушы Ринат Ибраимов;
сәулетші, «Эос» гректер қоғамы кеңесінің төрағасы С. Космериди, Алматы қаласы ПД аға тергеушісі Т. Калиев, ТСҚҚД аудандық басқармасының эпидемиологиялық бөлімінің бастығы С. Сүлейменова марапатталды.