«Біз сыбайлас жемқорлықсыз Қазақстан үшін». Әлеуметтік желілерде осындай ұранмен «бармақ басты, көз қыстылыққа» қарсы челлендж өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасын отандық спорт шеберлері, әртістер мен кинорежиссерлер қолдаған. Акцияға қатысушылар азаматтарды адалдыққа үндеп, жемқорлықтың түбі жарға
соқтырарын насихаттайды.
«Баршаңызды сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуіңізді шын жүректен үндеймін. Өйткені сыбайлас жемқорлық бүкіл әлеммен қатар барлық адамзаттың үлкен проблемасы. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз деп құрғақ сөйлей салмай, шын жүрегімізбен, жан-тәнімізбен, ынты-шынтымызбен, барлық жақын-жұрағатымызбен, отбасымызбен осыған қарсы тұрайық», – деді әнші Сәкен МАЙҒАЗИЕВ.
«Сыбайлас жемқорлық біздің өміріміздегі барлық салаға теріс әсер етеді. Авраам Линкольн: «Азаматтық құқықтың ең біріншісі – қорқыныштан ада болу» деген. Мәселен, бүкіл халықпен бірге сыбайлас жемқорлықтан қорықпай оны жеңу керек», – деді бокстан әлем чемпионы Назым ҚЫЗАЙБАЙ.
Челленджді ұйымдастырушылар «сөзден іске көшу керек» дейді. Олар акция әрі қарай да жалғасып, қоғам тарапынан қолдау табады деген сенімде. Шараның мақсаты – қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, әдептілік пен адалдық қағидаттарын ұрпақ бойына сіңіру.
«Құрметті қауым, біз жемқорлыққа жол бермеуіміз керек. Өйткені сонда ғана біз дені дұрыс қауым боламыз және ол әрқайсысымыздың жауапкершілігі екенін ұмытпауымыз керек, білуіміз керек», – деді кинорежиссер Ақан САТАЕВ.
«Жемқорлыққа қарсы болса, адал қызмет етсе, адалдықпен өмір сүрсе, жемқорлық азаяды, халық Үкіметке де риза болады. Әділдік бар жерде, шындық бар жерде жемқорлық болмайды», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Елнар ИГІЛІКОВ.