Танымал блогер және парламент мәжілісінің депутаты Тәңірберген Бердоңғаров бес қызы қайтыс болған Ситер отбасына барып көңіл айтты. Бердоңғаров марқұм қыздардың ата-анасына елді алаңдатқан сауалдарды жолдады, деп жазады NUR.KZ.
Марқұм қыздардың әкесі Евгений Ситер сол күні қайда болғанын айтып берді.
«Жөндеуге алған көлігімді белгіленген уақытында бітіре алмадым. Екі аптаға кешіктіргендіктен, түнде шығып жұмыс істеуге тура келді. Себебі таңертең көлікті өткізуім керек. Өйткені, көлік иесі күніне 20 мың теңгесін жоғалтып жатты. Қалай ондай қызмет жоқ?! Мен 20 жылдан бері көлік жөндеп келе жатырмын. Маған сенім артатын тұтынушыларым бар», - дейді Евгений.
Қайғыдан қан жұтқан отбасының жалпы сомасы 100 мың теңгеден асатын несиесі бар екен.
Сондай-ақ отбасы пәтер алу мәселесі жайлы да айтып берді.
«Олар «Бізден пәтер керек пе? Әлде қаражат па?» деп сұрады. Біз пәтерді таңдадық. Қазіргі таңда сатып алу-сату мәселесі бойынша құжаттар толтырылды», - дейді Жанымгүл Ситер.
«Біздің қайғымызды біреулер өз мақсатына пайдаланбақ болған. Олар өз жағдайларын осы арқылы түзеп алмақ болды.
Олар да біз сияқты жағдайда отыр. Мұздай үйде, көмірлері жоқ. Мен мұны дұрыс емес деп айта алмаймын. Шынымен керек болған адамдар ол жерде болмады», - деді астаналық ана әйелдердің шуына қатысты пікірінде.
«Бала тууға, жұмыс істеуге деген ниетке кім кепілдік береді? Келесі балаларымның да өмірден өтпесіне кім кепіл?», - дейді Жанымгүл.
Қара жамылған отбасы мүшелері өздеріне көмек қолын созған қазақстандықтарға алғыс айтты.
Еске сала кетсек, күлі елдің қабырғасын қайыстырған оқиға 4 ақпан күні түнде Астананың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында болған еді.