Қазақстанда карантин режимін бұзған азаматтарға 30 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салынады. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Бизнес қауымдастық пен азаматтардың назарын мынаған аударғым келеді: карантин режимін және санитарлық-эпидемологиялық талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлғалар 30 АЕК ( 83 340 теңге) мөлшерінде әкімшілік жауапқа тартылады», – деді Тоғжанов баспасөз мәслихатында.
Ал кәсіпкерлік субъектілеріне 230 АЕК (638 940 теңге) және одан жоғары айыппұл салынады.
Айтуынша, тиісті нормативті құқықтық акті осы аптада қабылданады.
«Он төрт күн аралығында белгіленген шаралардың тиімділігі бойынша мониторинг жүргізіліп, нақты қорытынды шығарылып отырады. Нәтиже бермеген жағдайда, шектеу шаралары бойынша қосымша шешімдер қабылдануы мүмкін», – деді вице-премьер.
Айта кетсек, Қазақстанда 5 шілдеден бастап жаңа карантиндік шаралар күшіне енеді.