Алматыда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында үздіктер ұлықталды

almaty.gov.kz
almaty.gov.kz
Марапатталғандардың көпшілігі – үнемі елеусіз қалатын қатардағы қарапайым жұмысшылар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Қасым-жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес ел дамуына аянбай еңбек еткен алматылықтарға мемлекеттік наградаларды Бақытжан Сағынтаевтың өзі табыстады. Ғылым мен мәдениетті, экономика мен әлеуметтік келісімді, өнер мен спортты дамытуда сіңірген еңбегі үшін атап өтілгендердің ішінде мұғалімдер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар, қарапайым қоғамдық көлік жүргізушілері де бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Бақытжан Сағынтаев жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, осы 28 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық салада жеткен жетістіктерге тоқталды.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз өздеріңізбен бірге көптеген қиын сәттер мен дағдарысты басымыздан кешірдік. Әйтсе де, соның бәрін жеңе отырып, іргесі мықты мемлекет құрып, бейбіт өмір мен кемел келешекке даңғыл жол аштық. Халықаралық қауымдастық алдында зор абырой, беделге ие болдық. Бүгінде Еуразияның қақ жүрегінде, тоғыз жолдың торабы Сарыарқа төсінде айбынды астанамызды салдық», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.                  

Салтанатты жиында ел дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табыс етілді. Солардың қатарында «Парасат» ордені бұрын білім және ғылым министрі  болған Шәмшә Беркімбаеваға, белгілі қаламгер Мерке Құлкеновке, Қазақ КСРінің Халық әртісі Лаки Ксеглуға тағы Гайнекен Бибатырова мен Клара Хафизоваға берілді. Ал, Елдар Әбдіразақов, Аружан Саин, танымал режиссер Ақан Сатаев және өзге де белді тұлғаларға «Құрмет» ордені табысталды. 

Бұдан бөлек, жүзден астам адамға құрмет көрсетілді. Олардың көпшілігі – үнемі елеусіз қалатын қатардағы қарапайым жұмысшылар. Мысалы наубайхана қыхметкері Жанар Аймұқамбетова мен балет әртісі Елена Эзаль сияқты қызметкерлерге берілді. Дәл сондай «Құрмет» ордені 50 жыл қазақ сахнасында аянбай еңбек еткен Сұлушаш Нұрмағамбетоваға да бұйырды.  

«Бүгін міне, «Құрмет» орденін алып, қуанып жатырмын. Еңбегімді елеп, осы марапатты беріп жатқан Президентімізге, Алматы қаласының әкімшілігіне рақметімді айтқым келеді», - деді «Құрмет» орденінің иегері Сұлушаш НҰРМАҒАМБЕТОВА.  

"Бұл – маған артылған үлкен сенім және мәртебе бұл сенімді мен ақтауым керек. Алдағы уақытқа маған шабытыма шабыт қосады және үлкен жауапкершілік жүктейді", - деді«Құрмет» орденінің иегері Еркінбек ШОҚАЙ.

Тәуелсіздік күніне арналған жиында сондай-ақ, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар тағы бірқатар жоғары наградалармен, алғыс хаттармен және  төсбелгілермен марапатталды. Айта кету керек, бұл жолғы марапаттың жөні бөлек, жосығы ерек. Себебі, құрметке лайық болғандар шенді мен шекпенді емес, қарапайым қызметкерлер.

Арнат Дүйсен, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы.


Новости партнеров