Тарақандар толып жүр: Ақтаудағы ең ірі супермаркеттің жағдайы елді шошытты

05.07.2024 20:31

Егер тағамдардың ішінде тарақан жүргені расталса, кәсіпкерге 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынады

Almaty.tv.

Ақтаудағы ең ірі супермаркеттің бірінде тарақан толып жүр. Азық-түліктің  арасындағы зиянкестерді сауда жасауға келген тұрғын түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялапты. Айтуынша, беті ашық жатқан азық-түлік бөлімінде зиянкес қаптап, тамақпен араласып жүрген көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бейнетаспадан дүкендегі мұздатқыштардың ішінде тарақанның қаптап жүргенін көруге болады. Тіпті жәндіктер жұмыртқалап, көбейіп жатыр,- дейді видео авторы. Осы шағымнан кейін санитар мамандар аталмыш сауда орталығында жоспардан тыс тексеру жүргізбек. Егер тағамдардың ішінде тарақан жүргені расталса, кәсіпкерге 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынады.

«Бүгін нақты фактілердің көрсетілуіне байланысты әкімшілік 425-кодекстің 1-бөлігіне сәйкес 1600 АЕК айыппұл көзделетін болады. Айыппұлдан соң нұсқама беріледі. Қайтадан дезинфекция жүргізу бойынша акт ұсынады», – деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Шырақбаев.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында аса катігездікпен адам өлтірген күдікті ұсталды