Алматыда Түркиядағы апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жиналып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Еріктілер штабында 30 адам жұмыс істейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Түркиядағы апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Бүгін таңертең басталған науқан дүйсенбіге дейін жалғаспақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалың киім, бұзылмайтын тамақ пен гигиеналық заттар. Мұнда негізінен қабылданып жатқаны – осы. «Жылы көрпелер де көбірек керек» дейді еріктілер. Қазір қоймада жұрттан түскен жылу сәйкесінше реттеліп жатыр.  

«Отбасымыз макарон өнімдерін өндірумен айналысады. Әлеуметтік желіден жылу жинап жатқанын естіп, қолдан келген көмекті көрсетейік деп келдім. Түркиядағы бауырларымызға 80 кг макарон жібердім. Жақсы іс әлі де жалғаса береді деп сенем», – деді қала тұрғыны Әли Ілиясов

Еріктілер штабында 30 адам жұмыс істейді. Олар Байтұрсынов көшесіндегі  22-үйде таңғы сағат 9: 00-ден кешкі сағат  20:00-ге дейін көмек қабылдайды. Қазір Алматыда гуманитарлық қолдау 2 жерде жиналып жатыр, оның бірі – әуежай аумағында. Айта кетейік, қаржылай көмек көрсетемін деген азаматтар үшін елде арнайы ресми шот ашылған. Бұл өз кезегінде алаяқтардың ақша жинауынан сақтайды.

«Ірі қалаларда, Астана, Алматы қаласында Түркия елінің елшілігімен бірге жұмыс атқарылып жатыр. Бұл жерде тасымалдау жағынан Түркия елімен бірлесе шешім қабылданды. Бұл заттың барлығы жиналғаннан кейінелшілікке тапсыратын боламыз. Олар өздері тасымалдау мәселесімен айналысып, оны жеткізетін болады», – деді ерікті Бағдат Анарбаева

Қазір Түркия билігіне әлемнің 60 елінен түрлі көмек көрсету үшін сұраныс түскен. Іздестіру-құтқару қызметінен бөлек, апат аумағындағылар медициналық, әлеуметтік-психологиялық қолдауға мұқтаж. Айта кетейік, Қазақстан ендігіде 50 тонна гуманитарлық көмекті Сирияға жібермек. Мемлекет басшысының үкіметке берген тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік материалдық резервтен бөлінген жабдықтар Алеппо қаласына 4 әуе рейсімен жеткізілетін болады.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров