Шымкенттік кәсіпкер «Қиял әлемінде» сауданы қыздырған

elements.envato.com
elements.envato.com
Саябақ мемлекет меншігіне қайтарылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкенттік кәсіпкер саябақты мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

2009 жылы қаладағы «Қиял әлемі» саябағына ойын-сауық орталығын салуды жоспарлап, аумақты жалға алған. Бірақ кәсіпкер берген уәдеде тұрмай, ойын алаңы сол күйі жаңартылмаған. Қалалық жер ресурстарын басқару департаменті жалға беру шартын жарамсыз деп тануды талап етіп, сотқа шағым түсірген. Осылайша, әкімдік пен кәсіпкер арасындағы дауға ақыры нүкте қойылды.

15 жыл бойы жекеменшікке жалға берілген «Қиял әлемі» технопаркі қайтадан мемлекет меншігіне өтті. Өйткені, кәсіпкер келісімшартта көрсетілген міндеттемені орындамаған. Екеуара шартта "саябақта қандай да бір күрделі құрылыс жүргізуге тыйым салынған",-деп анық жазылыпты. Соған қарамастан, мұнда сауда алаңдары, дүкен мен қоғамдық тамақтану орындары сияқты 8 нысан бой көтерген. Жасыл аймақта ақылы автотұрақ та жұмыс істеген.

- Саябақ аумағындағы жер телімі өз мақсатында пайдаланылмаған. Сондықтан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берілді. Ал сот шешімімен департаменттің талап арызы толығымен қанағаттандырылды. Апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды, - дейді Жер ресурстарын басқару департаменті бөлімінің басшысы Дархан Мұхамедиев.

Бұл – шаһардағы мемлекет меншігіне қайтарылған екінші саябақ. Бұған дейін «Кең баба» саябағына қатысты да осындай шешім қабылданған еді. Осылай деген басқарма басшысы Нұрбол Жүнісбеков заңсыз салынған құрылысты жалға алушы өз есебінен сүретінін айтады.

- Қаланы дамыту, қаланың көркін келтіру мақсатында барлық көпшілік пайдаланатын парктер тексерілді. Тексеру барысында біраз заңбұзушылық анықталды. Оны Жер ресурстарын басқару департаменті анықтап, тиісті сотқа жүгінді. «Қиял әлемі» паркінің 4,8 гектары толығымен мемлекет меншігіне алынды. Қазір сот шешімі заңды күшіне енді, - дейді Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Жүнісбеков.

Қазір «Қиял әлемі» саябағына іргелес жатқан бір гектарға жуық тағы бір жер теліміне қатысты іс сотта қаралып жатыр. 2011 жылы әкімдік дәретхана мен сахна салу үшін жалға берген ол жер қолдан қолға өтіп кеткен екен. Сөйтіп, тағы бір жеке кәсіпкер сауда орталығының құрылысын бастап жіберген.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Елімізде жекеге өткен жер телімдері мемлекетке қайтарылуда

Новости партнеров