Елордада Сәбит Шонтақбаевпен бірге 8-қабаттың терезесінен құлағалы тұрған қызды құтқарған екінші жігіт Сағи Жылқышиевті марапаттады. Оған Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығымен "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісі табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төсбелгіден бөлек, Жылқышиевке алғыс хат пен сағат сыйға берілді. Бұған дейін отандық құрылыс компаниясы Сағи Жылқышиевке елордадан екі бөлмелі пәтер сыйлаған еді.
Айта кетері, 11 мамыр күні Сәбит Шонтақбаев жұмысқа Сағимен бірге шыққан. Сол кезде далада айқайлап жүрген адамдарды, ал 8-қабаттың терезесінде салбырап тұрған баланы көрген. Екеуі 7-ші қабаттағы пәтердің терезесі арқылы үш жасар қызды құтқарды.
Сәбит терезеге шыққан кезде Сағи бір қолымен досының аяғынан, ал екінші қолымен терезені ұстап тұрған.
Сол күні баланы құтқарған сәттің видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Сәбит Шонтақбаевқа "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісін табыстады. Қала әкімі жұмыс тауып берсе, кәсіпкерлер үш бөлмелі үй сыйға тартты.