Әлеуметтік желілерде Қытай Халық Республикасынан гуманитарлық көмекке келген маскалардан коронавирус инфекциясы бар делінген аудиожазба тараған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев бұл ақпарат шыңдыққа жанаспайтынын айтады.
«Қытайдан келген маскаларда коронавирус инфекциясын жұқтыратындығы туралы ақпарат жалған болып табылады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл ақпараттың жалған екендігі жайлы ақпарат берді. Бұл ретте, басқа елдерден келіп түсетін барлық тауарлар, оның ішінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар біздің заңнамаға сәйкес міндетті талаптарға қатаң тексерілетінін айтқым келеді. Тексеру барысында қандай да бір бұзушылық анықталса, тауар тұтынушыларға жіберілмейді», – деді Батырбек Әлиев.
Батырбек Әлиев халыққа жалған ақпараттан сақ болуға кеңес береді.